Жарияланды: 470

Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтеді

2012 жылғы 22 қараша күні Астана қаласында, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Алашорда көсемдерінің бірі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтеді.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жаһанша Досмұхамедұлы 1887 жылы Орал облысы, Жым­питы болысының Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1899 жылы Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, оны 1905 жылы алтын медальмен бітіргеннен кейін 1906 жылы Император атындағы Мәскеу университетінің (бүгінгі М.Ломоносов атындағы МГУ) заң факультетіне қабылданып, 1910 жылы оны да алтын медальға бітірген Ж. Досмұхамедұлы қазақтың тұңғыш прокуроры, әділет генералы. "Біздің мақсатымыз - ел билеуді, халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты - елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз"- деген Жаһанша дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алып, 1918 жылы мамырда «Ойыл уәлаяты» деп аталған тұңғыш аймақтық автономияны жариялайды. Үкімет төрағасына сайланған Жаһанша Досмұхамедұлы, премьер-министр және әскери істер министрі қызметін атқарды. Үкімет мүшелері: Халел Досмұхамедов - төрағаның орынбасары; Дәулетше Күсепқалиев - Үкімет кеңесін басқарды; Жанқожа Мергенов - Ішкі істер министрі; Салық Омарұлы - жер шаруашылығы министрі болды. «Мемлекеттік билік әзірше үстемдік құрған кезде, қазақ халқы өзін аман сақтап қалу үшін мемлекеттік аппаратқа қол жеткізуі тиіс» деген пікірді ұстанған Ж. Досмұхамедұлы мемлекеттік құрылымдарды жасақтап, түрлі министрліктер құрды, банк пен телеграф ашып, бірнеше мың тұрақты әскер ұстады, ішкі тәртіп үшін милиция жасақтады, әскери оқу орнын ашып, іс жүзінде заманауи тұңғыш қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған тарихи тұлға. Алашордашы ретінде 1938 жылы атылып, 1956 жылы ақталады. Кешке танымал өнер жұлдыздары Құрманбек Әлімғазы, Ерлан Рысқали, Ербол Айтбаев, Досым Мақсотов, Бибігүл Сауытова және басқалары қатысады. Сонымен қатар «Наз» би театры, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының камералық хоры мен оркестрі өнер көрсетеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін