22 жастағы Виктор үшін бұл өміріндегі ең бақытты күн. 9 жыл балалар үйінде тәрбиеленген ол жетімдіктің ащы дәмін ерте таттым деп есіне алады. Бірақ, тағдыр сынына сынбаған. Отбасын құрғанымен бүгінге дейін әркімнің босағасын паналап, күн кешіпті. Енді жаңа пәтерлі болып жатыр.
Виктор Безденежных:
-Өмірге сәбиіміз де келді. Келіншегім де мен сияқты балалар үйінде тәрбиеленген. Басты мәселе баспана болатын. Енді оған қолымыз жетті.
Бұл күні Виктор сияқты ата-ананың қамқорлығын көрмеген тағы 33 адам пәтер кілтін алды. Олардың барлығы бірдей отбасылы емес. Көбі балалар үйінен тәрбие алып шыққаннан кейін, барар жері болмай, пәтер жалдап күнін көріп жүргендер.
Нұрлан Нүркенов, Бурабай ауданының әкімі:
-Бұл мәселе біздің ауданда жылдар бойы шешілмеген. Жетім балаларға пәтер беру қарастырылмаған екен. Ата-ана қамқорлығын көрмей, бір баспана алуды армандап жүрген жастардың бүгін міне, арманы орындалды!
Пәтер алғандардың ішінде Анна, Татьяна, Евгения есімді апалы сіңлілі үш қыз да бар. Олар бір отбасында дүниеге келіп, балалар үйінде өскен. Жұбын жазбаған үшеуі енді ортақ баспанаға ие болды. Бір айтары, жетімдіктің тауқыметін тартқандардың барлығы өз балалары қиындық көрмегенін қалайды екен.
Жанна Кобылова :
-Өмірімде де көптеген қиындықтар болды. Оны есіме алғым да келмейді. Енді жақсылық болатынына сенемін. Бар арманым, ата анамнан көрмеген қамқорлықты өз балаларыма берсем деймін.
Жетімдерден бөлек бұл күні,Щучье қаласындағы 5 қабатты жаңа үйден соғыс ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер де пәтер алып қоныс тойын тойлады.