Жарияланды: 830

Жоғары білім алуға алғашқы қадам сапалы білім беретін мектепте жасалады - Б. Байбек

Жоғары білім алуға алғашқы қадам сапалы білім беретін мектепте жасалады - Б. Байбек

Жоғары білім алуға алғашқы қадам сапалы білім беретін мектепте жасалады.

Бұл туралы бүгін Алматы  қаласы Наурызбай ауданының Қалқаман-2 ықшамауданында химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

«Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі. Елбасы Алматы қаласының өсіп-өркендеуіне айрықша көңіл бөліп келеді. Сондықтан бүгін Алматыда осымен екінші Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуы осының айқын дәлелі бола алады. Жоғары білім алуға алғашқы қадам балабақша мен сапалы білім беретін мектепте жасалады десек, балаларға сапалы орта білім беру үлкен маңызға ие. Ол үшін ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл мектепте мұғалімдердің жалақысы басқа мектептерге қарағанда кем дегенде екі есе жоғары. Ұстаздар қауымы мектепке байқау арқылы қабылданды. Бір орынға 8 адамнан келді. Сондай-ақ, оқушылар арасында да бір орынға 8 бала үміткер болды. Бұл түсінікті де. Өйткені, мектеп заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда жоғары сапалы білім беріледі және мұндағы заманауи технологиялық жабдықтар тіпті батыс елдерінде де жоқ», - деді қала әкімі.

Атап айтқандай, Алматы қаласындағы химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебі 960 оқушыға арналып салынған. 9 блоктан тұратын білім ордасында соңғы үлгідегі мектеп жабдықтарымен жабдықталған 70 оқу сыныбы мен 25 зертхана орналасқан. Үш залдан тұратын мектеп кітапханасын да ерекше атап өтуге болады. Кітапхана қоры оқу-әдістемелік құралдар, классикалық және көркем әдебиеттер, отандық басылымдар және медиатекамен толықтырылған. Кітапхана оқушылар ізденіс, ақпараттарды талдау жұмыстарын жүргізе алатын ақпараттық орталық ретінде қарастырылған.  

Сонымен қатар, мектептегі спорттық блокта үлкен және кіші спорт залдары, жаттығу залы және хореография залы бар. Мектеп алаңында футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған алаңқайлар, теннис, жеңіл атлетика алаңдары және балалардың демалыс аймағынан тұратын заманауи спорт кешені орналасқан. 

Кең әрі көп функциялы 480 орындық акт залы, 100 орындық дәрісхана және 50 орындық конференция залы мектепте түрлі іс-шараларды өткізуге арналған.

Оқушылар алдағы оқу жылынан бастап, 500 орындық 2 үлкен асханада тамақтанатын болады.

Ал жатақхана корпусы Алматы қаласындағы екі Зияткерлік мектептің 270 оқушысын қамтиды.

Енді, бұл мектепте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім грантының 790 иегері білім алатын болады. Конкурстан өткен 7-8 сынып оқушыларының орташа балы - 819-646 аралығында болса (ең жоғары балл - 1000), 9-10 сынып оқушыларының жинаған орташа балы 28,6-23,4 аралығында болды (ең жоғары балл - 60). 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына байқаудан іріктеліп алынған 140 үздік мұғалім сабақ жүргізеді.

Сонымен қатар, бұл мектеп жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс атқаратын болады. Тағы бір айта кететін жәйт, мектепте ғалымдар мен мұғалімдердің бірлескен «Ғылым әлемін ашамыз!» жобасы іске асырылады. Бұл жоба оқушылардың өнертапқыштық және зерттеушілік дағдыларын қалыптастырып, болашақ жас ғалымдарға өзіндік жеке ғылыми жобаларын жасауға бағыт береді.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін