Айтуларынша, заң күшіне ене сала ала таяқ ұстағандар жүргізушілердің басына әңгіртаяқ ойната бастаған. Әсіресе, такси жүргізушілері бизнестің дамуына, қала берді, күнкөріске кереғар келетін заң бойынша полицияның түсініктеме беруін талап етуде. Дегенмен өңірдегі полиция басшылығы жаппай айыппұл салуды уақытша қоя тұрамыз деп мәрттік жасап отыр — деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қарағандының көлік жүргізушілерін де осы күні дүйім жұрттың көкейіндегі сұрақтар мазалайды. Елге әлі нақты түсіндірілмеген жаңа заңды әркімнің әрқалай ұғуда. Көп жағдайда тәртіп сақшыларының өздері заңды білмей шатасып жатқан көрінеді.
— Бүгін тоқтатып жарығыңызды жақпадыңыз деп әлек салды. Ал менде тұманда қолданатын шамдар жанып тұрған. Заңда бұл бар. Осыны айтып, сол орында ғаламтордан заңның осы бабын көрсеткеннен соң ғана әрең жіберді.
Жүргізушілердің басым бөлігі күндіз шам жағып жүру апатты жағдайдың сиреуіне мүмкіндік беретінін мойындайды. Бірақ өзгерісті енгізбес бұрын алдымен елдегі көліктерге қозғалтқышын іске қосқанда шамы жанатын стандарттарды енгізу керек еді дейді.
Виктор Шабанов, Қарағанды такси гильдиясының төрағасы:
—Жүргізуші ұмытып кетеді. Бәрі де мүмкін ғой өмірде. Сол үшін қалтаңдағы қомақты қаражаттан қағылдың. Жүйкеге тиетін құбылыс. Осыған ұқсас заңы бар елдерде көлік кіргізілерде ақ шамдары жанатындай етіп жасалатын тәртіп бар. Ал бізде бұл басқаша, халықтың қалтасын қағу арқылы іске асады.
Полицейлер болса, жүргізушілерде қозғалтқышты іске қосқанда шамды жағатын әдет тез-ақ қалыптасатынына сенімді. Олардың түсіндіруінше, қосалқы орындықтың орнына баланың астына қойылатын арнайы жастықтарды қолдануға болады. Сонда көліктің стандартты белбеуі баланың басы немесе мойнына оралмай, жоғары отырғанда кеуде тұсынан тартып тұрса заңға кереғар келмейді. Тәртіп сақшылары жаңа заңның алғашқы кезде бұзылатынын ескеріп, оған елдің еті үйренгенше ескертумен шектеле тұратынын жеткізді.
Ерғабыл Жүкенов, Қарағанды облыстық ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:
—Қызметкерлерімізге жақын күндері қатаң шара қолданбауды, әзірге ескертумен шектелуді тапсырдық. Адамшылық танытып түсінікпен қарауға тырысамыз ғой. Бірақ одан кейін заңды талап етуге біз міндеттіміз.
Полицейлердің айтуынша, қазір елді дүрліктірген ережелердің көбі бұрын да болған. Ал өзгергендерін «Жол қозғалысы ережелері туралы» заң немесе Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодекстен, тіпті болмаса Ішкі істер министрінің осы өзгерістерге байланысты арнайы бұйрықтарынан қарап шығу керек. Сондықтан жұрттың енді заңдық сауаттарын өздері шыңдауларына тура келеді. Бір анығы жол жүру ережесін бұзу енді қалтаға ауыр тиетінімен қоймай, қылмыстық жауапқа да тартуды қарастырады.