Оқиғаның барысы былай болған, тамыздың 26-сы күні Жарылқап Қалыбай отбасылық демалыстан соң Түркиядан елімізге бет алған. Журналист суық тиген 1 жасар ұлы мазасызданғасын баласын көтеріп, әрі-бері жүріпті. Сол сәтте ұшақтағы стюардтардың бірі оны қағып кеткен. Жарылқап Қалыбай оған ескерту жасағанында стюард қазақша мүлдем білмейтінін айтып өзіне орысша сөйлеуін талап етіпті. Ал журналист отандық әуе компаниясының бортында қазақша ғана сөйлейтінін қадап айтқан. Жанжал осы тұста шығады. Алматыға ұшып келген сәтте Жарылқап мырзаны полицейлер қарсы алып сол жерде хаттама толтырылған. Ал бүгін Алматы қалалық соты аталмыш арыз бойынша оны бұзақылық жасады деп тауып 3 күнге қамауға алуға үкім шығарды.
Рысбек Үркімбай, “Жұлдыздар отбасы” журналы бас редакторының орынбасары:
— Сөздің қысқасы негізгі жанжал қазақша сөйлеуден басталған. Неге сен маған қазақша сөйлемейсің дегенге олар біз қазақша білмейміз бізге орысша айт деген.Қазақша сөйлегені үшін бәрімізді өстіп алып кете беретін болса бұл ешқандай заңға да симайды ғой. Дұрыс па? Біз басқасын былай қойып өз елімізде жүріп қазақша сөйлей алмасақ біздің мемлекеттігіміздің құны көк тиын, тәуелсіздігіміздің құны көк тиын. Бұл бір көңілге симайтын оқиға болды.