Журналист өңірлік БАҚ-тағы мәселелерді атады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Журналист өңірлік БАҚ-тағы мәселелерді атады

Журналист өңірлік БАҚ-тағы мәселелерді атады

«Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Назарбек Қосшиев өңірлік мерзімді басылымдардың ахуалы қиындап бара жатқанын айтты.

  • 27 Қаңтар 2023
  • 12
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Елімізде Өңірлік мерзімді басылым форумы өз жұмысын аяқтады. Жиында аймақтық басылымдарды дамыту мәселелері көтерілген болатын. Осыған қатысты «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев өз пікірін білдірді.

Сөзінше, бүгінде өңірлік мерзімді басылымдардың ахуалы расында да қиындап тұр. 

Кадрдың тапшылығынан редакциядағы тілшілердің орташа жасы ұлғайып барады. Бір қарағанда аса үлкен мәселе болмауы мүмкін. Дегенмен оған тереңірек үңілген жөн. Өңірлік жоғары оқу орындарындағы «Журналистика» мамандығына оқуға қабылданғандардың бір-екеуі, әрі кетсе үшеуінен басқасы қолына дипломын алған соң табысы молдау салаға кетіп қалады. Яғни бұл мамандық кеңес дәуіріндегі «Дайындық курсының» деңгейіне дейін құлдыраған. Оқуда да студенттер теорияны көбірек оқып жүр, өндірісте тәжірибеден өтпеген жастар журналистиканың ауыртпалығына көндіге алмай, уақытын өткізіп алады, — дейді БАҚ өкілі.

Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе — өңірлердегі мерзімдік басылымдардың таралымы жыл санап азайып бара жатқаны. Назарбек Қосшиевтің айтуынша, бұған біз көбінесе түрлі сылтау айтамыз, ол дұрыс емес. 

Әуелі газетті кәсіби шеберлікпен шығара білсек, журналистік деңгейді өсіреміз және оқырманның қызғушылығын арттырамыз. Оқырманның азайғаны рас, бірақ газет шынымен қызықты әрі тартымды болса, оқырман одан қашпайды, міндетті түрде жазылып алдырады. Әсіресе, қоғамдық-саяси газеттерде «мемлекеттік тапсырыс орындалса жарар, әйтеуір шығып жатыр ғой» деген немқұрайдылық бар екенін мойындауымыз керек. Шындығында, талғамсыз тауардың нарықта сұранысқа ие болмайтынын ескерген жөн. Өйткені газет те тауар. Егер газетіміз оқылымды әрі өтімді болсын деген редактор редакцияның барлық күш-қабілетін осы бағытқа жұмылдыруы тиіс. Ал «Қазпошта» бөлімшелері арқылы оқырманның қолына газеттің кешігіп жетуі – келесі кезектегі мәселе. Сондай-ақ газет уақыттың талабына сай жұмыс жасамаса, мерзімді басылымның да ғұмыры ұзаққа бармайды. «Тапсырмаларды» бергенде редакцияның күнкөрісін тиісті құрылымдар мен лауазым иелері де ойланып қойғаны артық етпейді, — деп есептейді ол.

Журналист атап өткендей, газетте талғам болуы тиіс. Қазіргі заманда басылымды тек ақпаратпен толтыру өнбейтін тірлік. Электронды ақпарат ресурстары дәуірінде хабарлар сол жерде болуы тиіс. Ал газеттің рөлі ақпараттық сараптамалар, өңірлік проблемалар, бұқараның ойын өрістетер ғылыми-көпшілік, рухани, мәдени, әдеби, тарихи, басқа да тақырыптарды қозғау деп ойлайды.


Былтыр біз өз газетімізді республикалық «Үркер» сыйлығының «Өңірлік БАҚ» аталымына ұсындық. Сонда 544 жұмыстың ішінен бірден «Сарыарқа самалы» (Павлодар), «Астана ақшамы», «Алматы ақшамы» газеттерімен бірге облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті байқаудың шорт-парағына енді. Демек алғашқы «төрттікке» енуіміз біздің де талғам үдесінен шығып отырғанымызды дәлелдейді деп түсінемін. Өңірлік мерзімді басылымдар мәселесінің арнайы форумда көтерілуін Атырау облысының журналистері толық қолдайды. Онда қозғалған әрбір мәселе біздің көкейіміздегі күрделі түйіндерді дөп басып отыр. Сол мәселелерді жүзеге асыруды енді өзгеден күтіп отырмай, өзіміз бастап қолға алсақ кешенді жұмыстар іске асады деп ойлаймын, — деп ойын түйіндеді  Назарбек Қосшиев.

Соңғы жаңалықтар