Жарияланды: 560

Жыл басынан бері Алматыда әртүрлі жол-көлік оқиғаларынан 82 адам мерт болып, 1002 адам жарақаттанды

2003-жылдың алғашқы 6 айында Алматыда болған 925 жол-көлік оқиғасынан 82 адам мерт болып, 1002 адам жарақаттанды. Бұл туралы бүгін, 4-шілдеде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық ІІББ Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Арман Сарбасов хабарлады. Баспасөз мәслихаты жол полициясы басқармасының көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жарты жылдық жұмыс қорытындысына арналған болатын.

Арман Сарбасовтың айтуынша, Алматыдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ахуалы әлі де күрделі күйде қалып отыр. Соңғы жылдарда қалада тіркелген көлік құралдарының саны екі еседен асып жығылған. Мәселен, 1991-жылы 99,6 мың көлік тіркелген болса, 2003-жылы бұл сан 210,3 мыңға дейін жетіпті. Бір қуанарлығы, А.Сарбасовтың айтуынша, көлік апаттарының өсу қарқыны бәсеңдей бастаған. Айталық, 2002-жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны 4 процентке кеміген. Ал жол апатынан қаза тапқандардың саны 36 проценттен 11 процентке дейін азайыпты. Әртүрлі жол апаттарының залал-зардаптарының ауырлық деңгейі 8,5- тен 7,6 процентке дейін азайған. Әйтсе де, жол-көлік апаттары салдарынан зардап шеккендер саны аздап артқан. А.Сарбасовтың айтуынша, бұл - бірінші кезекте жол қозғалысының тәртібін бұзуға тікелей байланысты. Сондай қайшылықтардың арасында жылдамдық тәртібін бұзу, жол қиылыстарынан өту тәртібін бұзу, маневрлерді теріс орындау, көлікті мас күйінде айдау жиі кездеседі. Жол апатынан қаза тапқандардың 11,8 проценті мас жүргізушілердің үлесінде. Жалпы алғанда, жыл басынан бері Алматы қалалық ІІББ жол полициясының қызметкерлері 1140 қылмысты әшкерелеуге қатысты. Жол қозғалысы тәртіптерін бұзуға байланысты 119 мың оқиғаға тосқауыл қойылды. Жол полициясының қызметкерлері жол-көлік оқиғасы болған жерлерге 10 мың мәрте шығып, 6923 оқиғаны рәсімдеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть