Жарияланды: 500

«Зілзаланың күшін азайтуға болады» - республикалық басылымдарға шолу

«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, отырыста комиссияның бұдан бұрынғы шешімдерінің орындалу барысы, сондай-ақ қаруды таратпау саласында Қазақстанның халықаралық ынтымақтастағы өзекті

мәселелері қарастырылды. Мақала «Ядролық қаруды таратпау - баршаға ортақ мәселе» деген тақырыппен берілген. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес әуелі депутаттар Сенат Төрағасының ұсынымын қарай келіп, Ү.Стамқұловты Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне қайта тағайындады. Сондай-ақ осы отырыс барысында еліміздің 2 заңы қаралған. Аталған заң жобалары бойынша депутаттардың көптеген сауалдарына Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев пен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Б.Тәжияқов жауап берді. *** «Қазақстандық биофизик ғалым Виктор Инюшин Алматы қаласында болуы мүмкін жер сілкінісінің күшін азайту мақсатында қазақстандық ғалымдардың өте қарапайым қондырғы - генераторларды ойлап тапқандығын бізге қуана жеткізді», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Зілзаланың күшін азайтуға болады» деген мақалада. Басылымның атап өтуінше, қорғаныс генераторларын орнату арқылы зілзаланың 4 балдық күшін кемінде 2 балға дейін азайтуға болады. Ғалымдар 20 - 30 тонналық алып қорғаныс генераторларын жасауға да әзір. Ал мұндай генераторларды жер сілкінісі өте қауіпті аймақтарға орнатуға болады. Бесіктен белі шықпай жатып, түсік жасататындардың қатары артып кетіп отыр. Алматыдағы №10 емхананың әйелдерге кеңес беру бөлімі меңгерушісі Арна Жексенбиеваның айтуынша, түсік жасататындардың 15 пайызы - кәмелеттік жасқа толмағандар. Дегенмен дәл дерегі жоқ, өйткені өзінің әлсіздігін түсікпен жапқысы келгендер заңсыз оташылардың көмегіне жүгініп жатады. Өткен жылы 14 жасар қыздың бала көтеріп, түсік жасатқанын ұстап, ел халқы жағаларын ұстаған еді, биылғы жылы 16 жастағы қыздардың «қылықтары» қинап тұр. Қоғамға дендеп бара жатқан осы дерт жайындағы мақала «Айқын» газетінде «Жасанды түсік жасарып барады» деген тақырыппен берілген. *** Былтыр жазда алматылықтар арасында біраз әңгіме болған таудағы мұзды көлдің тасуы жайлы қауесеттің биыл да басылмайтын түрі бар. Мәншүк Мәметова есімі берілген мұздық түбіндегі қорымтасты көлдің қаупін тағы да белгілі сарапшы, географ ғалым Борис Степанов көпшіліктің есіне салып отыр. Осы кезге дейін төтенше жағдайларға жауапты мамандар оны көл деңгейінің төмендеп келе жатқанын айтып сабасына тсіруге әрекеттенсе, енді ғалым көл суының азаюынан да алматылықтарға қауіп төнуі мүмкін екенін болжайды. Бұл жайында егжей-тегжей білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетіндегі «Таудағы көлдер қашан зерттеледі» деген мақалаға көз жүгіртіңіз. «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Микробиология және вирусология институтының бас директоры Аманкелді Садановпен арадағы сұхбат «Микробиологиялық зертханадан қорқудың қажеті жоқ» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Мұнай төгілген алқаптарды микроорганизмдерарқылы тазалау - Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ғылыми буынның қол жеткізген жетістігі. Өсімдік пен мал ауруларына қарсы препараттарды да дайындап жатырмыз», - дейді. «Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Назарбаев Университеті» АҚ-ның Директорлар кеңесінің отырысын өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Отырыс барысында қаржы-шаруашылық қызметінің, стратегиялық әріптестермен қарым-қатынастардың, басқару жүйесінің, сондай-ақ ЖОО-ның әлеуметік саясатының кейбір мәселелері қаралды. Сонымен қатар Осы күні К.Мәсімов 1-ші Қазақстандық І-MIX 2011 интернет-конференция жұмысына қатысты. Онда бизнес пен мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру үшін Казнетті және жоғары технологияларды дамыту мәселелері талқыланды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть