Зорланған күні "Сен не киген едің?" - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зорланған күні "Сен не киген едің?"

Зорланған күні "Сен не киген едің?"

Алматылық үш студент «Киімді кінəлама» көрмесін ұйымдастырған. Көрмеде 13 қазақстандық қыздың оқиғасы баяндалады. Қаншама жыл өтсе де, аталмыш көрме өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бишімбаевтың ісінен кейін қоғамдағы әйелдердің рөлі өзгеріп келеді.

  • 9 Сәуiр
  • 32
Фото: caravan.kz

Көрмеге қыздардың зорланған күні киген киімдері қойылған. Көрме де, киімдер де қарапайым. Әрбір киім экспонаттарының жанында жазылған оқиғаны оқыған адам бұл көрмеге басқаша көзқараспен қарағаны анық. Caravan.kz медиапорталы жыныстық зорлық-зомбылық тақырыбында ой қозғады.

Оқиғалардың барлығында дерлік құрбандар өзіне зорлық көрсеткен адамды жақын танитын болып шыққан. 13 оқиғаның 4-еуінде ғана қыздарды бейтаныс адам зорлаған. 

Қазақ қоғамында көп нəрсе «ұят боладымен» шешіледі. Зорлық көрген қыздар көрген қорлығын, ашу-ызасын, қарсылығын айтып, ешкімнен көмек сұрай алмайды. Себебі, қоршаған орта зорлық көрсеткен адамды емес, қыздың өзін кінəлайтын қате түсінік қалыптасқалы қашан? 

«Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «өзі ашық-шашық киініп алған ғой» деген сөзге қалып, абыройдан айырылмау үшін қыздар қауымы бəріне көнеді. Баласын қоқысқа қалдырып кету, əжетханада туу, некесіз балалардың көбеюі, қыздардың өз-өзіне қол жұмсауы да осыдан келіп шығады. Біздің қоғам бұл сұмдық оқиғалардың бəріне қыздардың өзін кінəлайды.

Низами «Ескендір Зұлқарнайын» дастанын жырлағанда мынадай қызық аңыз қалдырады. Ескендір Жейхун дариясынан өткенде бір кедергіге тап болады. Тұран даласының қыздары шетінен сұлу екен. Ажарлы әйелді көргенде Ескендірдің әскерінен маза кетті. Ойы бұзылып, жорықты тастап, осы жерде қалып қойғысы келді. Сол кезде Ескендір Тұран қарияларын шақырып:

– Қыздарың сұлу екен, бірақ бетін бүркемейді, шашын жаппайды. Әйел сұлу болған соң әркімнің көзі түседі. Әйелі бұзылып, еркектің намысы тапталмай ма? Бетін бүркеп жүргені жөн емес пе? – деді.

Қариялар:

– Біз осы уақытқа дейін еркектің намысын аяқасты етпей, азғындамай-ақ өмір сүріп келеміз. Біздің елде әйел бетін жаппайды, керісінше еркек құмарлығын тежейді, – дейді.

Аңыздағы осы ой экзистенция тұжырымымен үндеседі. Азғындықты әйелден көру – инфантилист қоғамның көрінісі.

Құмарлығын тежемейтін дүмшелер үнемі әйелдің тұмшаланып жүруін талап етеді. Әйелдің бет-әлпетін бүркеп тастау – ер адам бойындағы еркіндік феноменін жоққа теңеу, яғни еркекті ұрғашы көрсе ырықсыз шаба беретін малға теңестіру («Махаббаттың мәні» кітабынан).

Бишімбаевтың ісінен кейін зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен, жан-жақты талқылана бастады. Осы тұста халықтың наразылығын тудырған оқиғаға тоқталайық.

Танымал рэпер Jah Khalib (Бахтияр Мамедов) өз карьерасын қандай әндермен шығарғанын тыңдаушылар біледі. Кезінде ол есіртікі жайлы, жыныстық қатынас жайлы әндерімен танылған. Қазір бағытын ауыстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге көшті. Оның себебін екі қыздың әкесі болғанымен байланыстырады. Бишімбаевтың сотынан кейін әйелдерге арналған қауіпсіз киімдер шығарумен айналыса бастады. Оны «85%» деп атапты, әншінің айтуынша, жабық киім әйелдерді 85%- ға қорғайды. 

Қазақстан халқы Бишімбаевтың жазадан құтылып кетуінен қорқып отыр. Онысыз да үрейленіп жүрген халық Jah Khalib және бірнеше діни сауаты бар жігіттермен болған подкастты көріп, тіпті ашуға ерік берді.  Бұл подкастта өнер иесі зорлық-зомбылық тақырыбында ой бөліскен. Рэпер орамал тағып, жабық киінген қыздар, орамалсыз, дұрыс киінбей жүретін қыздардан өздерін қауіпсіз сезінеді, бүгінде белең алып тұрған зорлық-зомбылыққа қатысты мәселенің бір фактісі – қыздардың дұрыс киінбеуіне тікелей байланысты деген пікірді қолдаған. 

Подкасттың басқа қатысушылары зорланған әйелдердің өзін кінәлауға тырысып, ондай фактілер “дұрыс емес киім” мен “дұрыс емес уақытта жүргендіктен” болатынын айтады.

Құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов университетте оқып жүргенде, криминология пәнінің мұғалімі, белгілі бір подполковник Қазақстандағы зорлау статистикасын келтіргенін айтты.

«Әйелдерді зорлаудың 85 пайызы “дұрыс емес жерде”, “дұрыс емес киіммен, дұрыс емес уақытта жүргендіктен болады. Бұл – негізгі себептер», – деді ол.

Әйелдер құқығын бұзып, кемсітушілік білдіргеніне байланысты тыңдармандар оны қолдамауды және әнші ретінде мойындамауды сұрады. Оның әлеуметтік желідегі фотосының астына қазақстандықтар оның концертіне енді бармайтындарын жазды. 

Әлеуметтік ғылымдар маманы Молдияр Ергебектің пікірінше, барлық мәселені дұрыс киінбеген қызға жаба салуға болмайды.

«Мен Түркияда 10 жыл тұрдым. Тағы бір жыл мұғалім болып істедім. Түркия өте діни, консервативті, патриархалды мемлекет, қыздары өте жабық киінеді. Соған қарамастан Түркия жыныстық зорлық-зомбылық көп жасалатын ел. Бетті тұмшылап жабу, барлық жерімізді жауып жүру зорлық-зомбылық мәселесін шешеді ме деген сұрақ туындайды?

Жыныстық зорлық-зомбылықтың себебі жалаңаш жүруде емес, ол жасаушы адамның тәрбиесінде. Өзгелердің құқығын таптамаудың, қорғаудың маңыздылығын түсініп өскен адам басқа адамға ешқандай зорлық көрсетпейді».

Негізі, жоғарыда айтылған көрме осыдан 5-6 жыл бұрын ұйымдастырылған. Арада қаншама уақыт өтсе де, көрменің маңыздылығы бүгінгі күні де өзекті болып келеді. Себебі қоғамдық резонанс тудырған Бишімбаевтың ісі әйелдерге деген көзқарасты, қарым-қатынасты түбегейлі өзгертуге әкелді. Қазақ әйелдері өз құқықтарын қорғауға, өзін сақтауға көбірек мән беруге ықпал жасады. Тұрмыстағы әйелдердің көздерін ашты. 

Соңғы жаңалықтар