Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен арнайы брифингте мәлім болды.
Аталмыш шараны «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауымен Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті «Рақым ет» мүмкіндіктері шектеулі адамдар бастамасына қолдау көрсету» республикалық қоғамдық қоры және Мүгедектердің қазақстандық конфедерациясымен бірлесіп ұйымдастырмақ.
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, чемпионат ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 5-9 қазан аралығында Шымкентте өтетін Қазақстан Республикасының параолимпиада ойындарының қарсаңында ұйымдастырылғалы отыр. Яғни спорттық шараның басты мақсаты -елдегі параолимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың деңгейін анықтап, мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спортты насихаттау және спорттың қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Бұған қоса спорттық шара елімізде параолимпиада қозғалысын жетілдіруге зор ықпал етеді деген үміт бар.
Сондай-ақ М.Ерманның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының, спортқа жіті көңіл бөлуінің арқасында Қазақстанда бұл сала ерекше серпінмен дамуда. «Бүгінде құрамында 36 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 143 Қазақстан Республикасының спорт шебері бар параолимпиадашы спортшылар халықаралық дәрежедегі спорттық бәсекелерде еліміздің мерейін үстем етіп жүр»,-дейді М.Ерман.