Қазақстан 2029 жылға қарай толық цифрлық мемлекетке айнала ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 464.02
  • 536.18
+37 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан 2029 жылға қарай толық цифрлық мемлекетке айнала ма?

Қазақстан 2029 жылға қарай толық цифрлық мемлекетке айнала ма?

Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті.

  • 30 Тамыз
  • 2
Фото: ЖИ/ Айбар Олжаев

Қазақстан алдағы үш жылда азаматтардың күнделікті өмірінен бастап, бизнес, медицина, білім, көлік, құрылыс және салық жүйесіне дейінгі негізгі салаларды цифрлық технологиялар арқылы қайта құруды көздеп отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, бұл кезеңде цифрландыру жекелеген электронды сервистерді енгізумен шектелмей, мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық жүйесіне енуі тиіс.

Жасанды интеллект білім беру жүйесіне енеді

Digital Qazaqstan аясында жасанды интеллектіні қолдану негізгі бағыттардың біріне айналмақ. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.

Ал 2028 жылы жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы AI технологияларын оқу процесіне енгізу жоспарланып отыр.

Медицинада self-service қызметтері көбейеді

Денсаулық сақтау саласында да цифрландырудың рөлі арта түседі. Азаматтың медициналық ұйымға міндетті түрде баруын қажет етпейтін self-service қызметтер саны көбеймек.

Медициналық ұйымдар бірыңғай цифрлық контурға біріктіріліп, дәрігерлер клиникалық шешім қабылдау кезінде жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолдана бастайды.

Қалалар нақты уақыт режимінде басқарылады

Цифрлық технологиялар қалалық инфрақұрылымды басқару тәсілін де өзгертуі мүмкін. AI Native cities&regions жүйелері жол қозғалысын, қауіпсіздік пен қалалық инфрақұрылымның жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Бұл кептелістерді азайтуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және коммуналдық жүйелерді тиімді басқаруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады

Цифрландырудың негізгі мақсатының бірі – азаматтарды қағазбастылықтан арылту. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мерзімін кемінде 50%-ға қысқарту көзделіп отыр.

Кейбір қызметтер азаматтың өзі өтініш бермей-ақ, қажеттілігі анықталған кезде автоматты түрде ұсынылуы мүмкін.

Құрылыс пен энергетика да цифрлық бақылауға көшеді

Жоспар бойынша энергетика саласындағы активтердің кемінде 70%-ы цифрлық мониторинг жүйесіне қосылады.

Құрылыста техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейін бірыңғай цифрлық жүйе арқылы бақылау жоспарланған.

Логистика саласында Smart Cargo жүйесі енгізіліп, жүктің бүкіл қозғалысы цифрлық паспорт пен трекинг арқылы қадағаланбақ. Бұл шекарадағы кезекті азайтып, транзиттік тасымалдардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бизнес үшін тексеру азаюы мүмкін

Шағын және орта бизнес үшін де цифрландыру бірқатар өзгеріс әкеледі. Тәуекелі төмен кәсіпорындарға қатысты физикалық тексерулерді азайту және цифрлық комплаенс құралдарын кеңінен пайдалану көзделіп отыр.

Салық саласында көптеген операция салық төлеушінің тікелей қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылмақ.

Банк секторы да ортақ цифрлық экожүйеге көшеді. 2028 жылға қарай екінші деңгейлі банктердің кемінде 80%-ын қауіпсіз ақпарат алмасудың цифрлық жүйесіне қосу жоспарланған.

«Цифрлық мемлекет» азамат өмірін қалай өзгертеді?

Айбар Олжаевтың пікірінше, цифрландыруды тек eGov немесе мобильді қосымшалармен байланыстыру жеткіліксіз. Оның ауқымы әлдеқайда кең.

«Цифрландыру адамның дәрігерге қалай жазылатынын, баланың қалай білім алатынын, кәсіпкердің салықты қалай төлейтінін, жүктің шекарадан қалай өтетінін, қаланың кептелісті қалай басқаратынын және мемлекеттің азаматпен қалай қарым-қатынас жасайтынын өзгертеді», – дейді экономист.

Егер жоспарланған шаралар толық жүзеге асса, 2029 жылға қарай Қазақстанда азаматтардың күнделікті өмірінің негізгі бағыттарын қамтитын жаңа цифрлық орта қалыптасуы мүмкін. Мұнда қызмет алуға кететін уақыт қысқарып, қағаз құжаттардың үлесі азайып, шешім қабылдау үдерістері жеделдеп, көптеген қызмет автоматты түрде көрсетіледі.

Экономистің пайымынша, Digital Qazaqstan-ның түпкі мақсаты технологияның өзін енгізу емес, сол технология арқылы адамның күнделікті өмірін жеңілдету.

«Сіз оны 1-2 жылда сезіне бастайсыз», – дейді Айбар Олжаев.