Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері мен Қазақстанның 11 облысынан жиналған боз кілем бозбалалары қатысты.
Екі күнге созылған жарыста 300-ге жуық балғын балуан жүлделерді сарапқа салды. Биыл бесінші жыл өтіп отырған турнирде Сыр бойы шеберлері де биіктен көрінді. Атап айтқанда, жаңақорғандықтар Әлішер Ақылқожаев (38 кг) пен Еркебұлан Елегенов (64 кг), шиеліліктер Райымбек Рантаев (46 кг), Қуаныш Тілеулес (51 кг), Мұқағали Сәрсенбай (+81 кг) алтын медаль иегерлері атанды. Қалған салмақ дәрежелері бойынша тараздықтар Марат Нығметуллаев (42 кг), Берік Изанов (57 кг), Оңтүстік Қазақстан облысынан Жолдасбек Бектұрсынов (81 кг) пен Қырғызстаннан Кеңесбек Шамшадинулы (72 кг) чемпиондық тұғырға көтерілді.
Турнирде сондай-ақ төл күресімізді насихаттау мақсатында ересектер арасында «Түйе палуандар» сайысы да болды. Оған Әлем және Азия чемпионы атанған 11 палуан қатысты. Бұл жекпе-жектерде Оңтүстік Қазақстан облысынан Нұрзат Бегасылов бас бәйгені жеңіп алып, жеңіл автокөлік еншіледі. Екінші орын иегері жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев 2000, үшінші орындағы семейлік Мұхит Тұрсыновқа 1000 доллар табыс етілді.