«Жайық» волейбол клубының басшысы Шоқан Кеңесовтің айтуынша, жарысқа барлығы он команда қатысты. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы БҚО құрамасының аға бапкері Сергей Казак жаттықтыратын батысқазақстандықтар финалдық бәсекеде алматылық, солтүстікқазақстандық және астаналықтардан басым түсіп, бірінші орынды иеленді.
Батысқазақстандықтар сапында Айдын Алтынбеков (бойы 2 метр 6 сантиметр), Әсет Хайрушев, Евгений Гоф, Роман Кривоножкин сынды ойыншылар ерекше көзге түсті. Бұлардың төртеуіне де «Конденсат» компаниялар тобы демеушілік көрсетіп, шәкіртақы төлеп келеді.
1996-1997 жылғылар арасында 15 команданың арасынан батысқазақстандықтар он екінші орынды қанағат тұтса, 1998-1999 жылдары туған жеткіншектердің арасындағы бәсекеде оралдықтар күміс жүлдені жеңіп алды.