Театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаевтың айтуынша, өнер ұжымы өз репертуарынан тарихи және бүгінгі күн тақырыбынан алты спектакль алып бармақ. Олар — М.Әуезовтің «Абай» тарихи драмасы, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…», М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмалары, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі, Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясы мен Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастаны» трагедиясы.
Онда өнер сүйер қауым Айдос Бектемір, Рәшида Хаджиева, Қымбат Тілеуова, Бекжан Тұрыс, Омар Қиқымов, Азат Сейітметов, Жоламан Әміров, Меруерт Омарбекова, Дария Жүсіп, Ерлан Біләлов, Жалғас Толғанбай, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай, Шынар Жанысбекова, Назгүл Қарабалина, Азамат Сатыбалды, Гүлнұр Шыңғысова, Ләззат Қалдыбекова, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Талғат Сағынтаев, Қуаныш Мамытқалиев, Жасұлан Байсалбеков, Алмас Шаяхметовтердің ойынын тамашалай алады.
«Бүгінде біз айына 30-35 спектакль қоятын Қазақстандағы жалғыз театрмыз. Өйткені бізде екі зал бар. Бүгін Д.Кобурнның «Жын ойнақ» трагикомедиясының премьерасы және Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» пьесасы қойылып отыр. Театрда 4 буын өкілдері жұмыс істейді. Алды 95-ке келген Хабиба Елебековадан бастап, 80-дегі Зәмзәгүл Шәріпова мен бүгінгі театр ақсақалы Сәбит Оразбаев пен Асанәлі Әшімовтердің труппалары», — дейді Қазақстанның халық артисі Е.Обаев. Оның айтуынша, гастрольдік сапардан кейін өнер ұжымы биылғы театр маусымы аяқталғанша Иран Ғайыптың, Дулат Исабековтің, Төлен Әбдіковтің, Рақымжан Отарбаевтың және Антон Чеховтың жаңа туындылары қойылмақ.