Әнші продюсерге жүрекжарды тілегін арнап, халықтың жағымсыз пікірін елемеуге кеңес берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Көп адам сізге ана деп қарауды ұмытып кетті!..Сіз қаншама еңбекпен шығарған ұлыңыздың әні қанша рет жүректерін жылытқанын ұмытып кетті!..
“Өкініш…” “Ауырады жүрек болғасын” деп әндетпеген адам аз шығар?!
Бүгін… әншілерді бір-біріне шағыстырып, арандатуға көшкендер көп. Өкінішті!..
Халық — ана болса, анаға бар баласы бірдей. Бәрін де жақсы көреді. Ал араға іріткі салып жүргендер кімдер???
Мысалы қазір Қазақияның төрт бұрышын түгел су басуда. Бұл ненің салдары?Су инженерін соттаймыз, суды жетік білетін мамандар дайындамаймыз. Қажет тоғандарды тазалаудың орнына, қағаз жүзінде “жұмыс атқарамыз».
Қайдағы бір озбыр адамның сотын бүкіл елге көрсетіп ұрпаққа не өнеге көрсетіп отырмыз?!
Кішкентай қыздарымызда үрей пайда болды. Титтей қызымыз байы ұрған әйел жайлы айтып жүр. Бұл не үлгі?! Біз балаға болашағының қорқынышын егіп жатырмыз. Оны ойлаған біреу бар ма???
Кейбірінің әңгімесі — әншілердің тірлігі. Себебі — идеология жоқ. Халықты өнер адамдарына қас қылды, өнер адамдары халыққа ерегісіп жарқыл-жұрқылға құмар болды!
Әлеуметтік желіге тәуелді жұрт осылай өзара майданда жүр.
Анау қырда үйі, суда малы қалған жұртты кім ойлайды?», — дейді әнші.
Сондай-ақ, өнер иесі табысы аз әншілердің де халыққа қолдан келгенше көмектесіп жатқанын айтып, оларға жазықсыз кінә артпауды сұрады.
«Мысалы неге депутаттар айлығынан миллиондап жинап бермейді??? Олар қайда?
Неге өз күнін өзі көріп жүрген әншілер жазықты бола береді?
Өз киімін өзі алып, әр әнін мың долларға жаздыратын, әр үлкен концертіне 25 млннан жоғары ақша төлеп жүрген, әр клипы бәленбай, оны көрсету бәленбай, бала-шағалы байғұстар бәріне кінәлі бола береді?
Өздерінен де кінә бар. Өмірін ғажап көрсеткісі кеп, жаманын жасырып, “сыртқы жүнін қампайтып” жүреді…
Оразада табыс жоқ, барын беріп отырса да кінәлі!.
Олардың бәрі миллиондар таппайды. Кейбіреуі эфирде жоқ та. Сонда да көппен біргеміз деп намыстанса да беруде. Ех!
Неге үкімет өнер адамдарын судан зардар шеккен әр аймаққа бөліп апарып, елді жұбатпайды?!
Неге бізде жүйе жоқ?!
Неге “әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмаған?!”
Қара нан мен қара суға қанағат ететін жұрт едік. Сонда да қара домбырасын тастамай, қара өлеңімен жан жұбатар ел едік. Осының бәріне кім кінәлі?!
Алқаға шығып ақиқатты айта алмаған ақыны кінәлі ме? Әлде ақынын ардақтай алмаған біздің үкімет кінәлі ме?!.», — дейді ол.
Әнші Димаш пен Қайрат Нұртасы өзара салыстырып, араға іріткі салатындарға да жауап берді. Оның айтуынша, олардың өнерін де, су басқан өңірлерге көрсетіп жатқан көмектерін да салыстыруға келмейді.
«Бүгін сізге тиіскен кейбіреу өзі Қайраттай бала тәрбиелей ала ма екен?!Сіз жүрген жолмен жүре ала ма екен???
Жаны нәзік болса да қажымаған бір әулеттің әжесіне осы жұрт неге атарға оқ іздеп жүр?!
Бәріне өзіміз айыптымыз. Ақпарат бермей, отбасымызды көрсетпей амандығымызды ойласақ нетті?!
Бар қайратын қазақ өнеріне жұмсаған Қайратыңыз аман болсын! Бір үйдің баласын “ала қойды бөле қырқатындар” бізді бір бірімізден айыра алмайды! Димашпен салыстыра бере ме, мейлі, Димаш — әлем жұлдызы. Оның табысы мен күш-қайраты талантындай жойқын! Ал, біз екеуін де жақсы көреміз. Сіз ана болған соң да ашынасыз. Бала елдікі болған соң қорғамаңыз. Оның қалқаны — халқы. Құлынын тепкілеп сүйетін ене жұрты барда ол елін сүйсіндіріп талай шырқайды әлі!
Туған күніңізбен, ана-жүрек!», — деді ағынан жарылған Роза Әлқожа.