Аноним аккаунттар қаза болғандардың саны, аман қалған сарбаздар мен іздеу жұмыстарына қатысты күмән тудыратын жазбалар жариялауда. NoFake.kz олардың бірқатарын тексерді.
«Әскерилердің тізімі өзгертілген» деген күмән
Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің аты-жөні жазылған тізімнің фотосы тарап, ондағы қолмен қойылған белгілер түрлі болжамға себеп болған. Кейбір қолданушылар осы тізімге сүйеніп, қаза болған немесе жоғалған әскери қызметшілердің нақты саны көрсетілмеді деген күмән келтіреді.

Бір жазбада Гилаж А.Б. және Диханбаев О.Т. есімдерінің тұсына қойылған сұрақ белгілеріне назар аударылып, олардың 24 қыркүйекте табылғаны туралы ақпаратпен салыстырылады. Сондай-ақ Гумаров М. есімінің тұсындағы қолмен жазылған белгіге қатысты сұрақ қойылған.

«Алдымен 19 сарбаз деді. Кейін 17 болды. Бұл тізім 24 қыркүйектен бері тарап жүр. Гумаров тізімде бар, бірақ оның тұсында “200” деп жазылған. Сұрақ: бұл тізімге неге түзету енгізілмеген?» деп жазады желі қолданушыларының бірі.
Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, оқу-жаттығуға 19 әскери қызметші қатысқан. Кейін Қорғаныс министрлігі олардың 17-сін Каспий теңізіне ағыс алып кеткенін, ал екі әскери қызметшінің жағалауда қалғанын нақтылады.
«Айнар Ахметовті туыстары іздеп жатыр»
Желіде тараған жазбалардың бірінде мерзімді әскери қызметтегі матрос Айнар Ахметовтің туыстары оны іздеп жатқаны айтылады. Автордың сөзінше, сарбаз қарындасына телефон арқылы хабарласқаннан кейін онымен байланыс үзілген.

«Каспийдегі әскери оқу-жаттығуда аман қалды деген Айнар Ахметовтен хабар жоқ. Туған-туысы іздеп жатыр. Телефоннан дауысын естіген, сосын хабарсыз кеткен. Жас сарбаз қайда?!», — деп жазады желі қолданушысы.
Бұдан бөлек, аты-жөні көрсетілмеген басқа аккаунтта да осы тақырып көтеріліп, сарбаздың тірілер тізімінде неге жоқ екені туралы күмән келтірілген.
«Мынау не сұмдық! Бұл бала қайда?! Тірі болса неге тірілердің тізімінде жоқ? Кеше сөйлессе, тірі болған ғой. Қайда бала?», — делінген.
Алайда бұл жазбалардың дереккөзіне қатысты бірнеше сұрақ туындайды. Атап айтқанда, екінші жазбаны жариялаған аккаунттың аты-жөні көрсетілмеген, парақшада бұған дейін басқа жарияланым болмағаны және оның пікірлер бөлімінде расталмаған болжамдарды одан әрі өрбіткен пікірлер жазылғаны байқалады.
Желіде әскери оқыту шараларына қатысқан сарбаздар санына қатысты да әр түрлі манипуляциялық ақпаратты байқауға болады. Олардың 14-і қайтыс болып, үшеуі аман қалғаны белгілі. Желі қолданушылары арасында қалған екі сарбаз қайда деген сұрақтар туындаған. Кейіннен ресми мәлімет бойынша, А. Ахметов мен Ә. Мағауия теңіз жалауында жаттығу орындағаны белгілі болды.

«Каспийдегі әскери оқу-жаттығуда аман қалды деген Айнар Ахметовтен хабар жоқ. Туған-туысы іздеп жатыр. Телефоннан дауысын естіген, сосын хабарсыз кеткен. Жас сарбаз қайда?!», – деп жазылған әлеуметтік желідегі жазбада.
Тағы бір аты-жөні көрсетілмеген аккаунт та осы ақпаратты таратып, сарбаздың «тірілер тізімінде» неге жоқ екенін сұраған.
«Мынау не сұмдық! Бұл бала қайда?! Тірі болса неге тірілердің тізімінде жоқ? Кеше сөйлессе, тірі болған ғой. Қайда бала?», – делінген жазбада.
Алайда жазбаларда ақпараттың қайдан алынғаны көрсетілмеген. Екінші жазбаны таратқан аккаунтта автордың аты-жөні туралы мәлімет жоқ, бұған дейін басқа жарияланымдар да болмаған. Пікірлер бөлімінде де расталмаған түрлі болжам айтылған.
Қорғаныс министрлігі Айнар Ахметов пен Әли Мағауияға қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме беріп, екі әскери қызметшінің де әскери бөлімде екенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімде және күн тәртібіне сәйкес қызметін атқарып жүр», – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Кейін әлеуметтік желіде екі сарбаздың видеосы да жарияланды. Айнар Ахметов 24 қыркүйекте кемеге мінбегенін, теңіз жағалауында болғанын және оқиғадан кейін жақындарына хабарласқанын айтты.
«24 қыркүйекте теңіз жағалауында болдым, яғни кемеге мінген жоқпын. Оқиға орын алғаннан кейін үйдегілерге хабарласып, жағдайымның жақсы екенін жеткіздім», – деді Айнар Ахметов.
Әли Мағауия да сол күні кемеге мінбегенін және жағалау күзетінде қалғанын айтты.
Осылайша, Айнар Ахметовтің хабарсыз кеткені туралы желідегі ақпарат расталмады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол әскери бөлімде қызметін жалғастырып жүр.
«Сүңгуірлер туралы сюжетті өшіргелі жатыр»
Тағы бір аноним аккаунтта Каспийдегі іздеу жұмыстары кезінде түсірілген сүңгуірлер туралы сюжетті интернеттен өшіргелі жатқаны туралы жазба тарады.
Алайда бұл мәлімдемені растайтын дәлел келтірілмеген. NoFake.kz тексерген кезде аталған сюжет екі YouTube арнасында да ашық тұрған және видеолар қолжетімді.

Демек, сюжеттің «өшіріліп жатқаны» туралы ақпаратты расталған факт ретінде қабылдауға негіз жоқ.

«Аман қалған сарбаздардан әдейі сұхбат алынбай жатыр» деген ақпарат
Әлеуметтік желіде аман қалған әскери қызметшілерден сұхбат алынбауын оқиға туралы ақпаратты жасыру әрекетімен байланыстыратын пікірлер де тараған. Алайда «сұхбат әдейі алынбай жатыр» деген тұжырымды дәлелдейтін нақты дерек немесе ресми мәлімет жоқ.

Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын да ескерген жөн. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға шектеу қойылады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Олар прокурордың рұқсатымен ғана және тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмейтін көлемде жария етілуі мүмкін», – делінген Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында.
Сондықтан тергеуге қатысты барлық ақпараттың бірден жарияланбауы оның әдейі жасырылып жатқанын білдірмейді. Тергеу барысы мен процессуалдық әрекеттерге қатысты мәліметтердің бір бөлігі заң талаптарына байланысты жарияланбауы мүмкін.