Зайытов су тасқынының негізгі себептерін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зайытов су тасқынының негізгі себептерін айтты

Зайытов су тасқынының негізгі себептерін айтты

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елдегі су тасқыны мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады.

  • 22 Сәуiр
  • 46
Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Dalanews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Пәле-жала табан астында, оны ешкім болжай алмайды. Еліміз үлкен сынақты бастан кешіріп жатқанын өзіңіз де білесіз. Су тасқынының алғашқы күндерінен бастап бірнеше топқа бөлінген депутаттар табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Біздің мақсатымыз – барлығын өз көзімізбен көріп, жергілікті халықпен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдап, Үкіметке жеткізу», – деді Зайытов.

Сондай-ақ ол депутаттың өтініші өзінің сөзі емес, баспанасынан, бар дүние-мүлкінен айырылса да,еңбектеген жасынан — еңкейген қариясына дейін су ағынымен күресіп жатқан қайсар қазақ халқының сөзі екенін айтты.

Қазіргі төтенше жағдай табиғи сипатта ғана емес, жұмысына салғырттық танытқан шенеуніктердің де кінәсі екенін жеткізді.

«Мәселен, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңында заңсыз салынған су қоймалары, жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына дайын болмауы, су тасқынынан зардап шеккендердің әрекетін үйлестіре алмау осындай салдарға әкелді. Тасқынға дабыл қаққан әріптестерім Д.Тұрғанов, Б.Базарбек, Жылой аудандық мәслихатының депутаты С.Сәрсенбаевтың депутаттық сауалдарына жергілікті билік пен жауапты министрліктердің уақтылы жауап бермеуі су тасқынының тағы бір себебі деп айта аламыз», – деді депутат.

Мұндай немқұрайлылық пен жауапсыздыққа кінәлі мемлекеттік органдардың өкілдері жауапқа тартылмаса, бұл жалғаса береді деп есептейді депутат.

«Сондықтан, Президент айтқандай, жауапкершіліктен жалтарып, бір-біріне сілтеп, бейқамдық танытқан қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялардың әрекеті жазалануы керек. Іс-шаралардың нақты алгоритмі әзірленбегендіктен, комиссияның құрылуы мен қызметі туралы тұрғындарға хабарланбағандықтан, су тасқынынан зардап шеккен халық әлі күнге дейін шығындарының қалай есептелетінін және өтелетінін білмейді. Сондықтан комиссияның жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыс орнату үшін оның құрамына тұрғындардың құрметіне бөленген жергілікті белсенді азаматтарды енгізу қажет деп есептейміз», — деді мәжілісмен.

Ол су тасқынынан зардап шеккендерге уақытша несие демалысын енгізуді, сондай-ақ су тасқыны кезінде баспанасыз қалған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді сұрады.

«Абай, Қостанай облыстарындағы өрт кезінде де, қазіргі су тасқыны кезінде де Қазақстан халқы бірлігі мен төзімділігін көрсетті. Дәл осы толеранттылық пен бірліктің арқасында біз бұрынғы билік өкілдері мен мемлекеттің тұтастығын бұзғысы келетіндердің барлық кедергілеріне қарсы тұрамыз. Бұл үлкен ерлік! Халықтың барлық талаптары өз деңгейінде орындалады деп сенеміз», – дейді Ринат Зайытов.