Париж олимпиадасында дзюдодан 60 келі салмақта ел намысын қорғайтын спортшы әлем чемпионатынан кейін анықталады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мамырдың 19-ы мен 24-і аралығында Абу-Даби қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Абу-Дабиде өтетін байрақты бәсекеде өнер көрсететін спортшылар тізімінде Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметов бар. Ал, Мағжан Шамшидиннің бұл тізімге не себепті енбей қалғанын спорт жанкүйерлері түсінбей, дал болуда.
Осы ретте Мағжан Шамшидиннің жеке бапкері Қален Қалиұлы sportbugin порталына сұхбат беріп, әлемдік рейтингте жоғары орында тұрған шәкіртін әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіп отырғандарын мәлімдеді.
«Бұл жағдай 2023 жылы басталды. Былтыр Катардың Доха қаласында әлем біріншілігі өтті. Сол сын қарсаңында Мағжан Шамшадин әлемдік рейтингте бәрінен жоғары тұрды. Нұрқанат Серікбаевтан да, Елдос Сметовтен де биік тұрғанына қарамастан, басшылар мен бапкерлер әлем чемпионатына Мағжанды қатыстырған жоқ. Әділетсіздіктің бәрі осыдан басталды.
Былтыр әлем чемпионатына қатыспаған соң, Мағжан өзін қайтадан дәлелдеді. Спартакиаданы ұтты, Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарды. Содан соң ғана бапкерлер оны Азия ойындарына қатыстырды.
2023 жылдың қазанында Мағжан жарақат алып, алты ай бойы жарысқа шыға алмады. Осы аралықта Нұрқанат Серікбаев та, Елдос Сметов те бірнеше турнирде бақ сынап, рейтингте Мағжанның алдына шыға алмады. Тек Тбилисидегі додадан соң ғана Серікбаев алға озды. Мен қазақ жігіттерінің рейтингте жоғарылағанына тек қуанамын. Бірақ біздің жағдайда рейтинг ішкі бәсекелестікті рейттейтін құрал болып тұр. Сондықтан, әлемдік рейтингте жоғары тұрған шәкіртімнің қатарынан екінші рет әлем чемпионатынан сырт қалғаны жаныма батады.
Астанадағы жарыс басталмай тұрып, бапкерлер рейтингке қараймыз деді. Бас хатшы да, бас директор да солай деген. Қазір рейтингте Серікбаев 15, Шамшадин 18, Сметов 26-орында тұр. Бірақ, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Мағжан тағы да әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіліп отыр”, — дейді Қален Қалиұлы.
Желі қолданушылары Қазақстан дзюдо федерациясының бұл шешіміне сыбайлас жемқорлықтың қатысына барына сенімді.
”Сметов оңбайды, үлкен басымен. Жастарға жол бермей ме? Өзі Аллаға қараған адам бола тұра, осындай әділетсіз дүниелер жасайды”, “Осындай әділетсіздікті көріп, қалай ішің күймеді. Тұрғанымен жемқорлық, әділетсіздік”, “Сметовте ұят жоқ екен”, “Күміс алғанды артқа тастап, қола алғанды қолдаған топастар”, “Мағжан бару керек еді”, — деп жазды олар.