АХАТ-тікі дайын, ҚМДБ-нікі уайым: Мешіттерде қиылған неке саны туралы ақпарат алу неге қиын - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
АХАТ-тікі дайын, ҚМДБ-нікі уайым: Мешіттерде қиылған неке саны туралы ақпарат алу неге қиын

АХАТ-тікі дайын, ҚМДБ-нікі уайым: Мешіттерде қиылған неке саны туралы ақпарат алу неге қиын

Имамдар мұсылмандық некені қимастан бұрын АХАТ бөлімінде тіркелген куәлікті талап етуі тиіс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ережесі осы. Демек, мешіт журналында тіркелген неке саны АХАТ бөлімі ұсынған дерекпен сәйкес келуі керек. Агенттік тілшісі сандарды сәйкестендіріп көрмек болды...

  • 28 Мамыр
  • 13
Фото: Kazinform

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ең әуелі Ұлттық статистика бюросына хабарластық. Ондағылар бізге былтырғы бір жыл мен биылғы 3 айда тіркелген неке саны туралы ақпаратты лезде-ақ берді.

Белгілі болғандай, былтыр елімізде 120 851 неке тіркеліпті. Ал биыл алғашқы үш айда 26 733 жұп мәңгілік бір болуға серттесіп, заң жүзінде бекіткен. 

Мұсылмандық неке туралы ақпаратты білу үшін ҚМДБ-ға хабарластық. Басқарманың баспасөз қызметі: «Бізге де сол ақпарат керек болып жатыр» деді де қойды, ешқандай мәлімет ұсынбады. Жөн сілтеп, мешіттерге жеке-жеке хабарласуға кеңес берді.

Әдетте, жас жұбайлар неке қию рәсімін орталық мешіттерде өткізуді жөн көретіні белгілі. Бұл ретте, Астана қаласында орналасқан Әзірет Сұлтан мешітіне, республикалық бас мешітке хабарластық. Ондағы дін қызметкерлері ҚМДБ рұқсат берсе ғана қандай да бір ақпарат беретінін жеткізді. Бірақ, басқарманың баспасөз қызметі сол күйі үнсіз қалды. 

ҚМДБ-дан үміт үзіп, өңірлердегі мешіт имамдарымен байланысқа шығып көрдік. Некелер мешіт журналында әрі базада тіркелетінін білдік. Журналдар мұрағат ретінде сақталады да. Алайда нақты санын ешкім айта алмады. 

«Ондай статистика жүргізілмейді. Бірақ, санауға болар», — деді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бердімұратов.

Түсінгеніміз, мешіт басшылығы неке саны туралы ақпаратты бере алады. Бұл үшін журналдағы немесе базадағы сандарды көтерсе болды. Ал олай етпеуіне не себеп? Ол сандар АХАТ ұсынған мәліметтермен сәйкес келер ме екен? Мәселенің түп-төркіні осында сияқты…