Осы сұрақтарға Caravan.kz медиа порталы жауап іздеп көрді.
Бұрынғы Премьер-Министр, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» банкорт болуға жақын екенін мәлімдеді.
Расында, «Қазақстан темір жолы» қарызға белшесінен батқан. 2024 жылдың басында ұлттық компанияның қарызы 2,9 триллион теңге еді. Ол қазірдің өзінде өсіп жатыр. Енді ҚТЖ қарызынан құтылу үшін халықтың жиған-тергеніне көз салып отыр. Яғни билеттің құнын 3 есе өсіруге болады дейді ұлттық компанияның төраға міндетін атқарушы Қанат Әлмағамбетов.
Өзі де арзан емес билеттің бағасын өсіру халықты қанаумен тең. Қымбаттаса пойызбен ешкім жүрмейді. Онсыз да әжетханасы сасып, вагондары ескірген пойызбен халық діттеген жеріне жетуге мәжбүр. Ұшақтың билетін көпшіліктің қалтасы көтермейді.
Алдымен пойыздарды қалпына келтіріп, жаңа вагондарды ұсынған соң, бағасын көтерсе болады, дейді қарапайым халық.
Мысалы, Алматыдан Павлодарға қатынайтын «Тальго» пойызына билеттің құны арзан емес. Жолға 25 сағатың, яғни, бір тәулігің кетеді. «Тальго» заманауи үлгіде жасалғаны болмаса, іші тар, ыңғайсыз. Ол тіпті үш деңгейге бөлінген.
Отырып баруға болады. Құны — 8064 теңге. Купе — 19 205 теңге. Люкс — 27 952 теңге.
Люкс деген аты болмаса, бағасы затына сай емес. Ішінде қол жуатын жері, өз әжетханасы, диспансері бар делінген. Шындығында, іші өте тар, қол жуатын жері тамақ ішетін үстелдің астында орналасқан. Әжетханасы жоқ. Ал ескі пойыздардың қазіргі күйін жазбасақ та белгілі.
«Qazaq Транс Инвест» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Ержан Артықбеков «AIRAN» ютуб арнасына берген сұхбатында елімізде пойыздар билетінің құны халық үшін өте қымбат екенін мәлімдеді.
«Испандық «Тальго» пойыздарының құны тым қымбат. Халықтың қалтасы көтермейді. Олар ұшақ сияқты жылдамдықпен жүруі үшін халық көп төлейді. Ал олар кәдімгі ескі пойыздар сияқты жылдамдықпен жүреді. Сондықтан әлі күнге дейін желдеткішсіз, тозығы жеткен плацкарттар сұранысқа ие. Мысалы Алматыдан Астанаға «Тальго» 14 сағатта жетуі керек, шындығында 20 сағат жүреді. Қызмет көрсету құны бағасына сай келмейді. ҚТЖ күніне 90 000 жолаушыны тасымалдауға тиіс. Алайда бүгінгі күні ұлттық компанияның қауқары тек 60 000 адамды тасымалдауға ғана жетіп отыр. Бұл түрімізбен 2030 жылға қарай 120 000 жолаушы тасымалдауға қалай жетеміз?», — деді Ержан Артықбеков.
Бұл мәселенің бір ұшы ғана. Қымбатқа сатып алған пойыздарда жүру қауіпті болып барады. Әсіресе балалар үшін. Неге?
Жолсеріктер өз міндеттерін толық атқармайды. Пойызға отырғызу басталған кезде, жолсеріктер жолаушылардың құжаттарын тексермейтін болған. Немқұрайлы қарым-қатынас ҚТЖ-ның қарызға батқанымен байланысты ма? Әлде қызметкерлердің жалақысы аз ба? Ержан Артықбековтің айтуынша, ұлттық компанияға өте көп адам қызмет етеді. Бұл артық шығын.
Пойызда өзің тумаған баланы алып жүру үшін міндетті түрде сенімхат болуы шарт. Оны кез-келген нотариуста жасата аласыз. Сенімхат 3 жылға беріледі. Құжатта балалардың және сеніп тапсырылған жолауышының аты-жөні жазылады. Сенімхат бойынша қанша бала алып жүрсеңіз де, өз еркіңіз. Бағасы — 4061 теңге.
Алайда, өзге балаларды алып жүрген жолаушылардың кім екені, олардың қолында құжаттары бар ма, олар дұрыс рәсімделген бе тексерілмейді. Яғни, сіздің балаңыз қорғалмаған.
Айым есімді әжей (аты өзгертілген)екі немересін алып жолға шығады. Әженің қолында билеттері де, сенімхаты да бар. Билетіңіз бар ма? Бар. Онда кіре беріңіз. Осылайша вагоннның екі жолсерігі құжаттарды тексермей, әжені екі немересімен вагонға кіргізеді. Әжей аң-таң. Вагонға кіріп, төсек жабдықтарын таратқан соң, жолсеріктер сол күйі ешкімнің құжатын алып тексермеген. Ол әжеймен біздің журналистер байланысқа шығып, болған фактіні растау үшін құжаттары мен билеттерін сұрады.
«30 мамыр күні мен немерелеріммен Шымкенттен Алматыға жолға шықтым. Бір әйел, бір еркек жолсерік болды. Билетіңіз бар ма деп сұрады да, тексермей вагонға кіргізді. Одан кейін келіп тексерген жоқ. Мүмкін жасым үлкен болған соң сенген шығар. Егер менің орнымда басқа жолаушы балалармен жүрсе не болады?», — деді жолаушы бізге берген жауабында.
Caravan.kz медиа порталының тілшісі Алматы вокзалына барып, жолсеріктердің жұмысын бақылады. Расымен де, жолсеріктің қолында электронды билеттердің тізімі жоқ. Тек қалам мен қағаз. Ол жолаушылардың сөзіне сеніп, қайда баратынын және орындарын қағазына түртіп алды. Вагонға отырған соң да ешкім келіп, құжаттарды тексермеді. Осы мәселе бойынша ҚТЖ баспасөз қызметіне сауал жолдадық.
«Біздің компания жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Билеттер мен құжаттар қатаң тексеріледі. Әсіресе балалардың кіммен жолға шыққаны, ата-аналары тексеріледі. Бұл мәселе бойынша біз ішкі тексеріс өткіземіз. Міндеттерін орындамаған қызметкерлер жазаланады», деп жауап берді баспасөз қызметі.
Егер ұлттық компания жолаушылардың қауіпсіздігін расымен де күн тәртібіне қойса, осындай былықтары шығар ма еді?
Одан бөлек ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жолсеріктер барлық жолаушыларға отырғызу талонын ұсынуға міндетті екен. Соңғы рет Павлодарға барған жолда, біз бизнес класс купесіне билет алдық. Бағасы удай, екі адамға — 41 770 теңге. Екі адамға арналған купенің кәдімгі плацкарттан айырмашылығы жоқ. Керісінше, іші тар. Пойызға отырар кезде жолсерікке аты-жөнімізді айттық та, вагонға жайғастық. Кейін құжаттарды тексересіз бе деген біздің ұсынысымызға жас жігіт «сіздерге сенемін» деді де, әрі қарай кетіп қалды. Отырғызу талоны түгілі, құжаттарымыз да тексерілмеді.
ҚТЖ компаниясының қызметкерлері болған оқиғаны егжей-тегжейлі тексереміз, қауіпсіздік шараларын бұзған қызметкерлер жазаланады деп уәде берді. Біздің қолымыздағы деректер бойынша ішкі тексеріс жұмыстарын өткізетіндерін айтты.
Одан бөлек, әр вагонның ішінде суреттегідей хабарлама ілінген. Яғни, көрсетілген қызметтерге немесе жолсеріктің жұмысына көңіліңіз толмаса, билетсіз жолаушылар мен тыйым салынған заттарды алып жүру фактісіне куә болсаңыз, көрсетілген нөмерге хабарласып, шағым түсіре аласыз. Алайда, тілшілердің бірнеше күн бұрын жазған хабарламасына ешкім жауап берген жоқ.
Балалардың қауіпсізді бүгінгі қоғамның басты міндеті. Мұндай немқұрайлылық халықтың үрейін туғызады. Бұл мәселе шешілмейінше, балаларымызды өзіміз қорғауға міндеттіміз. Ертең балаларымыз қылмыскердің арбауына түсіп қалмауына кім кепіл?