Президент әскердегі әлімжеттікке назар аудара бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент әскердегі әлімжеттікке назар аудара бастады

Президент әскердегі әлімжеттікке назар аудара бастады

Соғыссыз, бейбіт заманда әскердегі замандасының қолынан мертігіп, өліп кетіп жатқан сарбаздарға қатысты оқиға жиілеп кеткені рас. Бұның бәрі – әлімжеттіктің кесірі.

  • 17 Маусым
  • 17
Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қаржылық сауат арнасы жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың бірі комаға түскен болатын. Баланың анасы шырылдап, әлеуметтік желіде өз үнін жеткізуге әрекеттенген еді.

Президент сол ананың үндеуімен танысыпты. Оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап еткен Мемлекет басшысы Қорғаныс министріне ендігі жерде армияда мұндай жағдайға жол бермеу керектігін ескертті деп жазады Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Неге біз бұл тақырыпқа ден қойып отырмыз?

Бұл саладағы әлімжеттіктің бір түрі – сарбазды ақшаға қинау екенін бала да біледі. Атына кредит алғызған фактілер туралы да естіп, желіде оқып қалып жатамыз. Сосын әскердегі сарбаздың өзі болып, туыстарынан ақша жинаған алаяқтық жағдайлар да біздің қоғамда кезігіп жатты.

Сосын, өткенде «Қарызсыз қоғам» жобасының өкілімен сөйлестік. Өткен жылғы есеп бойынша, жоба сарапшылары әскердегі жігіттердің мойнында 1,4 млрд теңге кредиттік қарыз болғанын анықтаған.

Әрине, әскерге алынған азамат кредитін уақытында жаба алмайды. Оның кредиттік тарихы бүлінбес үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі былтыр өзара меморандум бекітіп, сарбазды кредит төлеуден уақытша босатты.

Иә, әскерге алынатын азамат кредиті үшін уайымдамасын. Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) өзара меморандум бекітіп, әскерді кредит төлеуден уақытша босатып жатыр. Уақытша.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 7 мыңнан астам әскери қызметшінің банк пен микроқаржы ұйымдарында кредиті бар. 1 тамыздағы жағдайға сәйкес, 5 мыңнан астам әскери қызметшінің несие төлемі кейінге қалдырылған. Бұл – «Қаржылық сауатқа» Агенттік ұсынған ресми деректер.

«Әскерге алынған азаматтың уақытында төленбей жатқан проблемалық несиесі болуы мүмкін. Олардың да төлемі кейінге қалдырыла ма, әлде мұндай жеңілдік несие тарихы бүлінбеген клиентке ғана беріле ме?»

Агенттік өкілі Азамат Кенженің айтуынша, мерзімі өткен берешегі болса да, әскери қызметшінің кредит төлемі кейінге қалдырылады. Елімізде мерзімі өткен несиелер бойынша жалпыға ортақ ереже енгізілгені белгілі. Ол проблемалық несиелерді реттеуге бағытталған.

«Қарыз алушының мерзімі өткен берешегі болса, ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредиторға қарызды қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе қарыз шартында көзделген өзге де тәсілмен жүгінуі қажет. Кредитор қарыз алушының өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды. Қарыз алушының қаржылық, әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдайды. Өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы кредиторды да хабардар ете отырып, Агенттікке жүгінуге құқылы»,- деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Азамат Кенже.

Бұл процесс қалай жұмыс істейді? Екі ведомствоның арасында меморандум бекітілгенін айттық. Қорғаныс министрлігі мен Агенттік соған сүйене отырып, өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеген.

Министрлік Агенттікке әскери қызметшілер туралы деректер ұсынып отырады. Агенттік оны банктер мен микроқаржы ұйымдарына жолдайды. Сол тізімге сәйкес кредитор берешекті өндіріп алу жұмысын тоқтатады.

Мерзімді әскери қызметтің уақыт мерзімі – 12 ай. Осы аралықта әскерге алынған әр сарбаз кредиттік төлемнен уақытша босатылады.

Азамат немесе оның сенімхат бойынша бекітілген заңды өкілі кредит алушының әскерге алынғанын растайтын анықтаманы кредиторға, яғни банкке немесе микроқаржы ұйымына тапсыруы керек. Сол арқылы кредит шартының талаптарын өзгертуге өтініш білдіреді. Оны онлайн да, офлайн да жүзеге асыруға болады.

Компьютерге немесе смартфонға жүйрік болсаңыз, анықтамасы бар өтінішті электрондық пошта, я болмаса банктің мобильдік қосымшасы арқылы жіберуге болады.

Ал, классикалық үлгіні таңдасаңыз, керек құжаттың бәрін жинап, өз аяғыңызбен кредитордың кеңсесіне баруға тура келеді.

Сонда ғана Отан алдындағы борыш – банк алдындағы борыштан уақытша босатады.