"Күн, жел, су, атом": Қазақстан энергияның төрт көзін меңгеруі керек - сарапшы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Күн, жел, су, атом": Қазақстан энергияның төрт көзін меңгеруі керек - сарапшы

"Күн, жел, су, атом": Қазақстан энергияның төрт көзін меңгеруі керек - сарапшы

2030 жылға қарай елімізде электр энергиясының тапшылығы 6 ГВт-тан асады деген болжам бар.

  • 10 Шiлде
  • 15
Фото: ашық дереккөз

Оны немен жабамыз? Қаржы сарапшысы Қазақстан энергияның төрт көзін меңгеруі керек деген пікір білдірді. Себебін де түсіндірді. Толығырақ Caravan.kz медиа порталы тарқатады.

Қытай энергияның төрт көзін — күн, жел, су, атом энергетикасын қатар дамытуда. Олар тек көмірге ғана капиталды шығынды қысқартты. Онымен қатар теңіз толқынынан, магниттерден энергия алу сынды тәжірибелерге иек артып келеді.

Бұл — энергоқауіпсіздік және толық тәуелсіздік. Бір энергия көзінен ақау шықса, басқа тарап орнын оңай жаба салады.

Қазақстанда осы төрт тағанның үшеуі бар. Біз күн және жел қондырғыларын соңғы 3 жылда көптеп орната бастадық. ГЭС-тер жемісті жұмыс істеуде. Жетпей тұрғаны тек атом ғана. Оның тағдырын осы күзде халық шешетін болады.

АЭС-сіз жүре берейік десек, елде электр тапшылығы туындап отыр. Соңғы жылы тоқты қолдану 3% өссе, 2021 жылы бұл көрсеткіш бірден 6,9%-ға, 102,9 млрд кВтс-қа дейін артты. Бір сөзбен айтқанда, әр 5 жыл сайын бізге кемінде 20% көбірек электр тоғы қажет болып жүр. Осы кезде, құрылғылары тоза бастағандықтан, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған стансаларда электр өндіру көлемі жыл өткен сайын азайып барады. Салдарынан 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясының тапшылығы 6 ГВт-тан асады деген болжам бар. Оны немен жабамыз?

6 ГВт-ны толық жабу тіпті АЭС-тің қолынан келмейді. Бірақ АЭС дефицитті азайтып, 2,4 Гвт бере алады. Ядролық технология бойынша, мамандар шет мемлекеттердің тәжірибесін зерттеуде. Мысалы, Қытай тарапы ұсынып отырған флагман реакторлар – Hualong One деп аталады. Бұл реактордың екеуі қазір Пәкістанда жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тағы бір нұсқа ретінде Францияның EPR-1200 реакторларын атауға болады. Оның қауіпсіздігі басқаларға қарағанда сенімдірек. Онымен бірге, Оңтүстік Кореяның APR-1400 реакторы экологиялық жағынан ұтымды. Бізде АЭС бола ма, болмай ма, оны күзде шешеміз.

«Жеке өзім мини реакторлардың болашағына сеніммен қараймын. Энергия жетіспей жатқан өңірлерге осындай шағын модульді реакторлар дұрыстау. Оның құрылысы бюджетке салмақ салмайды және бізді қарызға батырмайды. Бастысы, біз атомнан қорықпау керекпіз. Біз осы ядролық индустрия тарихында оның басы-қасында келе жатқан ұлт едік. Атом реакторы, бір сөзбен айтқанда АЭС Маңғыстауда жарты ғасыр ың-шыңсыз жұмыс істеді.

Бастысы бүгінгі фобия бізді ертең тоқсыз қалдырып жүрмеуі тиіс», — деді экономист Айбар Олжаев.

Қазақстанда АЭС құрылысын салу көп дау-дамай мен қарсылық туғызды: бір жағы қоршаған ортаға зиян келеді деп алаңдаса, екіншіден саяси астары бар ма деп қорқады. Халықтың бір бөлігі құрылыс жұмыстары Ресейге беріле ме деп қауіптенеді, бұл өз кезегінде Қазақстанның ол елге энергетикалық тәуелдігін күшейтіп жіберуі мүмкін. Келіспеушіліктерді реттеу үшін билік мәселені референдумға шығаруға уәде етті, бірақ оның мән-жайы әлі айтылған жоқ.

Қазақстанда қуаты 2,4 ГВт болатын, екі блоктан тұратын АЭС құрылысына шамамен 15 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Құрылыстың болжалды мерзімі – 10 жыл.

«АЭС-тердің бізге тиім де, тиімді емес жақтары бар. Тиімдісі — АЭС-тің отыны — уран өзімізде бар, тиімсізі — су проблемасы бар елміз және бізде атом саласының мамандары аз сияқты. Осы екеуінің арасынан жол таба білсек, АЭС-тен қорықпауға болады», — деді қоғам белсендісі Ахмет Өмірзақ.