“Илья да, біз де допинг қабылдадық”: Күзетші болып кеткен чемпион ауыр атлетикадағы жұрт білмейтін құпияны айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+26 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Илья да, біз де допинг қабылдадық”:  Күзетші болып кеткен чемпион ауыр атлетикадағы жұрт білмейтін құпияны айтты

“Илья да, біз де допинг қабылдадық”: Күзетші болып кеткен чемпион ауыр атлетикадағы жұрт білмейтін құпияны айтты

Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатның күміс жүлдегері, Лондон Олимпиадасының жетінші орын иегері, Алмас Өтешов қазір күзетші болып қызмет етеді.

  • 2 Тамыз
  • 82
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына берген сұхбатта айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

“Допинг деген дәрі жоқ. Аспирин ішсең де ол допинг болып саналады. Бірақ оның ішінде тестостерон бәрін салады. Допингті тексеретіндермен біздің министрлік келіседі. Бәрі ақша. Бізді тексеруге келгенде «двойник» деген болады бізде. Менің «двойнигім» Айдос деген мысалы інім болды. Ол Алмас Өтешов болып қан тапсырады. Илья Ильиннің Алексей деген ағасы тапсырады. Олар таза болып шығады. Бәрі жемқорлық. Допинг қабылдау кезең кезеңмен жүреді. Мысалы қаңтар айында әлем чемпионаты болса, қаңтарға дейін дәрі ішеміз. Оны мойындаймыз. Тестостерон, пропианат, тернобол, гармональды таблеткалар қабылдадық. Онсыз көтере алмайсың. Мысалы таза өз ағзаммен ең көбі 200 кг көтерем. Анау препараттардың бәрін ішіп, 230 келі көтерем. Не ішіп, не салып жатқанын бәрін білесің ғой. Ол кезде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы болды. Талғат Ермегияев болды. Система біреу ғой, Венгриядан тексеруге келеді. Бәрі хабардар ғой. Мысалы сен Талғат Ермегияевсің. Допинг бақылауға тексеріс келеді. Министр болсаң барасың да келісесің. «Мә, саған 1 млн доллар», бітті, кетеді. Талғат Ермегияевқа біздің жүлде әкелгеніміз керек. Бірақ ол кісіні сыйлаймын. Оны қамап тастамағанда біз де допингтен кетпейтін едік. Өйткені допингті тексеретіндермен сол кісі ғана келісетін”, — дейді ол.

Спортшы Илья Ильиннің де допинг қабылдағанын растады.

“Илья Ильиннің де допинг қабылдағаны өтірік емес. Бәріміз допинг қабылдадық. Дәріні өзіміз болып ішпейміз. Медициналық жауапты маман, аға бапкер, бас бапкер бар. Солар бізге береді. Бәріне кінәлі Алексей Ни. Соны соттау керек. Қазір қайда ол? Жоқ. Бәрін істеген сол, – дейді Алмас Өтешов.

Ол допинг дауынан кейін ауыр атлеттердің жағдайы күрт нашарлағанын, психологиялық қысымға ұшырағанын да айтты.

“Қазақта «ердің басына күн туса етігімен су ішер» дейді ғой. Сондай болып жатыр қазір. Не айтам, бауырым… Бір көтерілсек, бәрі қолпаштайды, бір сүрінсек, бәрі жек көріп кетеді. Мен осыны түсінбедім. Қолымнан келгенінің бәрін істедім, бауырым. 230 келіні көтеру деген оңай емес ол. Соны көтердік қой. Қазір белімнен төрт жерден грыжамын. Не айтам енді. Қазақ халқыма. Қазағымды жақсы көрем өзім. Бірақ билікке көтерілсең, сені бәрі қолпаштайды да, төмен құласаң, қасыңда ешкім болмайды екен. Кезінде біз Илья Ильин бәріміз көтердік. Соған шыдамай Седов пен Линдер дарға асылып өліп қалды ғой…”, — дейді ол.

Алмас Өтешов өзіне қол жұмсағысы келгенін де жасырмады.

”Үйде ешкім жоқ, ажырасқам. Бала-шағам, әйелім жоқ. Базарға барып арқан сатып алдым. Оны ваннаның төбесіне іліп, бәрін дайындап, ғұсыл дәрет алдым. Құдайдан кешірім сұрап, мойныма салып, отырып қалдым. Арқан мойнымды қысқан кезде кіші дәретімді жіберіп қойдым. Оңай емес екен. Мойнымдағын шешіп, Алладан кешірім сұрадым”, — дейді ол.