Павлодарда ат бәйгесінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 479.05
  • 534.57
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда ат бәйгесінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті

Павлодарда ат бәйгесінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті

Павлодарда бәйгеден ҚР чемпионатының 8-кезеңі әрі осы күзде Астанада ұйымдастырылатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 90-нан астам тұлпар қатысты.

  • 6 Тамыз
  • 9
Фото: Видеодан алынған кадр

 Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша өтті: құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс және аламан бәйге. Жалпы жүлде қоры -24 900 000 теңге.

– Бұл бәсеке — бәйгеден ҚР чемпионатының 8-кезеңі, ал бір жағынан осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу есебінде өтіп жатыр. Ат жарысына еліміздің түкпір түкпірінен ең үздік жылқылар жиналды. Олар бәйгенің төрт түрінен, яғни құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және жорға жарыс аталымы бойынша сынға түседі. Әр бәйге түріне шамамен 25 тұлпар қатысып жатыр. Бұл аттардың жағдайы жақсы, алдағы үлкен додаға дайын деп айта аламын, – деді «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.

Құнан бәйгеден бірінші болып келген «Қамысқұлақ» атты тұлпардың шабандозы Асланбек Абдықал жеңіс жолында бапкердің кеңесі көмек болғанын айтады.

– Бапкердің айтуымен шауып отырдым. Ол маған жарыс бастала сала алдыңғы топта болуға кеңес берді. Соңғы айналымда бірінші болып алға оздым. Мәреге бес жүз метр қалғанда артымнан тағы бір ат келе жатты. Жетіп ала ма деп қорқып едім, бірақ мен бірінші келдім. Енді көшпенділер ойындарына дайындаламын, – деп атап өтті жас шабандоз Асланбек Абдықал.

II орынға«Найза» атты құнан ие болдыы, шабандозы Арнат Мұратхан. Жүлдегерлер үштігін «Айшуақ» атты атқа мінген Аңсар Арыстанбек түйіндеді. 

Топ бәйгеде «Ғасыр» атты сәйгүлік, Әлихан Жәнібекұлы есімді шабандозымен үздік атанды. II орынды «Равшан» (шабандозы Ділнұр Нұрмұқаш), ІІІ орынды шабандоз Қайыржан Әлихан «Тәуекел» атты тұлпарымен жеңіп алды.

Жорға жарыс қорытындысына келсек: I орын – «Орда» (шабандозы Юрий Лымарь), II орын – «Выпуск» (шабандозы Әнуарбек Абдрахманов), III орын «Ақжауын» (шабандозы Ербұлан Тілеғалиұлы).

Аламан бәйге нәтижесі бойынша І орынды «Софлор Лэнд» атты айғыр иеленсе (шабандозы Әмір Аманұлы), ІІ орынды «Береке» (шабандозы Иринат Санжар), ІІІ орынды «Шайкүрең» (шабандозы Арнат Мұратхан) жеңіп алды.

Іс-шараның серіктестері – ҚР Ұлтық спорт қауымдастығы, Республикалық «Бәйге» федерациясы және Павлодар облыстық әкімдігі.

Еске сала кетейік, республикалық «Бәйге» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Еске сала кетейік, Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қырғызстаннан 268 спортшы қатысады.