Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін «АТМА — Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ компаниясының акцияларын иеліктен алу процедурасы мақұлданды. Оның жаңа иелері Катарда тіркелген компания — QazAir Investments LLC атанды.
Бұған Үкіметтің 2024 жылғы 7 тамыздағы «Стратегиялық нысандарды иеліктен алу туралы» қаулысы дәлел.
Атырау әуежайының қолданыстағы акционерлері — Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma A.Ş және «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өз акцияларын QazAir Investments LLC пайдасына береді, — делінген құжатта.
Олардың әрқайсысына «АТМА — Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ компаниясының 50%-ы тиесілі болған.
Еске салсақ, былтыр Астана халықаралық әуежайы шетелдік инвестор БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастаған еді. Сол кездегі ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Terminals Holding компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Негізгі мақсат — Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту, инвестиция құю арқылы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жасау, жүк терминалың қуаттылығын және жолаушылар ағынын арттыру.