Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Содан кейін Олимпиада алауы сөндірілді.
«Дәстүрге сәйкес, мен бүкіл әлем жастарын төрт жылдан кейін Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында жиналып, бізбен бірге ХХХIV Олимпиада ойындарын атап өтуге шақырамын», — деді Томас Бах.
Бұл шара халықаралық шоу жұлдыздарының ән шашуымен басталды. «Стад де Франс» стадионы үлкен театрға айналды. Шоу әуеде алтын костюм киген адамның шатырдан түсуімен басталды, содан кейін оған Олимпиада ойындарының отаны Грекияның туы табысталды.
Әйелдер арасындағы марафон жеңімпаздары 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында марапатталды. Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді.
Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында спорттың 25 түрінен сынға түсті. Еліміздің атынан 80 спортшы 92 жолдама жеңіп алған болатын. Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннистен сынға түсті.
Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен жарыс жолына шықты.
Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан Елдос Сметов (60 келі) салды. Қазақстандық балуан осылайша ел құрамасынан Олимпиадада үш мәрте медаль алған спортшы болды. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміске қол жеткізсе, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алды.
Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыаев (77 келі) және бокстан Нұрбек Оралбай (80 келі) қоржынға салды.
Сондай-ақ нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) және әйелдер боксынан Назым Қызайбай (51 келі) қола медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшылар Жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері тәуелсіз мемлекет құрамасы сапында қатысуға мүмкіндік алды. Содан бергі уақытта олар барлығы 78 медаль алып қайтты. Оның ішінде 26-ы былғары қолғап шеберлерінің еншісіне тиеді. Қазақстандық боксшылар 7 алтын, 8 күміс, 11 қола медаль алды.
Салтанатты шара Олимпиада алауын 2028 жылы келесі ойындарды қабылдайтын Лос-Анджелес (АҚШ) қаласының мэріне тапсырумен аяқталды.