“200 қазаққа ДНК сараптамасын жүргізген”: Қытай ғалымдары қазақтардың шығу тегіне қатысты құпияны ашты - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+24 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“200 қазаққа ДНК сараптамасын жүргізген”: Қытай ғалымдары қазақтардың шығу тегіне қатысты құпияны ашты

“200 қазаққа ДНК сараптамасын жүргізген”: Қытай ғалымдары қазақтардың шығу тегіне қатысты құпияны ашты

Қытай ғалымдары қазақтардың шығу тегін түсіндірді. 

  • 12 Тамыз
  • 72
Фото - Caravan.kz

Қытай генетиктері Шыңжаңда өмір сүретін 200-ден астам этникалық қазақтың ДНҚ-сын талдай отырып, қызықты зерттеу жүргізген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Molecular Biology and Evolution журналында жарияланған зерттеу нәтижелерінде қазақ популяциясының қалыптасу тарихы көрсетілген. Зерттеу нәтижелері қазақтардың кейінгі орта ғасырларда төрт ата-баба тобының араласуы мен олардың бірнеше толқыны арқылы дамығанын көрсеткен. 

Ғалымдар ұйғырлар, қалмақтар, хазарлар мен эвендер генетикалық тұрғыдан қазақтарға жақын екенін анықтады. Қазақ популяциясының шығу тегін зерттеу кезінде Шыңжаң қазақтарының генетикалық құрамында Шығыс Азия (шамамен 39,7%), Батыс Еуразия (шамамен 28,6%), Сібір (шамамен 23,6 %) және Оңтүстік Азия (шамамен 8,1%) популяцияларының үлесі бар екені белгілі болған.

Бұл зерттеудің құндылығы мен жаңашылдығы туралы Caravan.kz медиа порталының тілшісі отандық тарихшы-сарапшы, археолог Марат Ыдырысовтан сұрап көрді. 

Спикердің айтуынша, Қытай генетиктерінің бұл зерттеуі қазақ халқының генетикалық қалыптасуын түсінуге көмектесетін маңызды құжат. 

«Қытайлық мамандардың генетикалық талдауы көрсеткендей, қазақтар ұйғырлар, қалмақтар, хазарлар мен эвендер сияқты халықтарға жақын. Бұл ақпарат осы аймақтарда мыңдаған жылдар бойы жүрген тарихи көші-қон мен мәдени өзара әрекеттесуінің дәлелі секілді. Атап айтқанда, алғашқы генетикалық араласу толқындары шамамен 3150 жыл бұрын басталып, түркі тайпаларының қоныс аударуымен жалғасып, Моңғол империясы дәуірінде дейін барды. Бұл зерттеу қазақ популяциясының қалыптасуына әсер еткен тарихи процестерді түсіну тұрғысынан да, сондай — ақ қазіргі қазақ қоғамының айтып жүрген  күрделі де маңызды ұлттық мұраны түсіну үшін де қажет», — дейді Ыдырысов.

Сарапшының айтуынша, бұл зерттеу қазақ халқының генетикалық тұрғыдан қандай ұлттарға жақын екенін де анықтап берген. 

“Зерттеу қазақтардың ұйғырларға, қалмақтарға, хазарларға және эвендерге генетикалық жақындығын анықтады. Бұл —  аталған халықтар арасындағы ұзақ және тығыз мәдени және генетикалық байланыс болғанын көресетеді. Тарихшылар бұл деректерді этникалық топтар арасындағы өзара әрекеттесу мен алмасуды толық түсіну үшін пайдалана алады. 

Болашақта зерттеудің нәтижелері білім беру бағдарламалары мен оқулықтарға енгізілуі де мүмкін. Аталған ақпараттар студенттер өз халқының тарихы мен генетикасын толық түсінуге көмектесіп ғана қоймай, Қазақстанда білім деңгейін және ғылыми сауаттылықты арттыруға ықпал етеді. Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген зерттеу Қытай мен Қазақстан арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға да әсер етеді”, — дейді Марат Ыдырысов.

Ал, қоғам белсендісі Ардақ Әшім Facebook желісінде қытай ғалымдарының қазақтарды қалмақтарға туыс етіп көрсетуінің астарында саяси іс-әрекет жатқандығын айтып, дабыл қағуда.

“Кезінде қалмақтар —ата-бабаларымызды, әже-апаларымызды қырып, ақтабан шұбырынды жасап, қаншама қайғы қасірет тартқызды.Егер қалмақ — қазаққа шынымен туыс болса, онда неге аса зұлымдықпен қазаққа өшігіп, қаншама жүздеген жылдар бойы зұлмат әкелді?!

Қалмақ ұлтында тұрған ештеңе де жоқ, олар да ұлт қой. Бұл жерде басты мәселе қытай генетиктерінің қалмақты — қазаққа туыс етуінің астарында үлкен саяси құйтырқы іс әрекеті жатқанына болып тұр. Неге қырғыз, ноғай немесе қарақалпақ емес? Тек қалмақ, буряттарды қазаққа туыс етудің астарында үлкен қулық жатқаны белгілі”, — деп жазды Ардақ Әшім.