Президент Парижде тер төккен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент Парижде тер төккен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады

Президент Парижде тер төккен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады

Бокс федерациясында да халыққа жағымды өзгерістер болып жатыр.

  • 15 Тамыз
  • 15
Фото: David Gray

1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль — Париж Олимпиадасы тарихқа айналды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Дегенмен, бокс пен ауыр атлетикадан басқа спортта да қазақ баласының жүлде алуға шамасы бар екен, деп жазды журналист Алмас Алтай.

Гимнастика мен күрестен күміс алдық, нысана көздеу, үстел теннисі, брейкданс, марафон секілді бағыттарды дамытсақ медаль іздеуге мүмкіндік барын байқадық.

«Тоқсан миллион түрік те, миллиард жарым үнді де алтын алмапты» деп жұбатып қоямыз өзімізді, енді әйтеуір бір алданыш керек қой алтын аз болған соң.

Президент Парижде тер төккен, еңбегі сіңген, қызметі өткен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар беру жөнінде жарлыққа қол қойыпты:

І дәрежелі «Барыс» орденімен Елдос Сметов;

«Парасат» орденімен Демеу Жадыраев;

«Парасат» орденімен Нариман Құрбанов;

«Парасат» орденімен Ғұсман Қырғызбаев;

«Парасат» орденімен Нұрбек Оралбай;

«Құрмет» орденімен Назым Қызайбай;

«Құрмет» орденімен Александра Ле;

«Құрмет» орденімен Ислам Сәтпаев және бір топ жаттықтырушылар орден, медальдарға, Президенттің алғысына ие болыпты.

Сондай-ақ, бір үлкен жаңалық шықты: Тұрсынғали Еділов ҚР бокс федерациясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Жалпы, Бокс федерациясының ресми хабардандыруында бұдан басқа да біраз жаңалық айтылыпты. Мәселен, Мырзағали Айтжановтың қызметтен кеткені туралы сөйлем бар. Бірақ, енді ол үлкен жаңалық емес, Айтжанов осы жолы қызметінен кетпесе Роман Скляр кетуі керек еді.

«Жаңалықтың көкесі сол Еділовтің қызметке жақындауы. Сиднейдегі триумфтан соң түсініксіз жағдайда аласталған Тұрсынғали ағамыздың жақында ғана сұхбаты шыққан еді. Талай бетті тілген сұхбат еді, сол діттеген жерге жеткен секілді», — деді ол.

Бокс федерациясы қазақ қоғамындағы шуды естіген секілді, «осылар бірдеңе біліп шулап жатқан болар» деп құлақ асқан, көңіл тоқтатып, шешім қабылдаған сыңайлы. Дұрыс шешім бопты. Енді бас бапкердің тағайындалып, көштің дұрыс бағытқа қозғалуынан үміттіміз.