Ғаламторға «Альфард жол апаты» деп сұрасаң, түгі қалмаған көліктердің мыңдаған суреттері шығады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тойота Альфард деген машина жолдың “құдайы” болды ғой. Жылдамдықты шамадан тыс асырып, үнемі асығып кетіп бара жататын солар.
Бұрын армиян номерін таққандар көп кездесуші еді. Қазір қазақстандық мемлекеттік тіркеу алған екен көбі. Әлгі 250 мың теңге төлеп, заңдастырып алған осылар болса керек.
Осындай минивеннің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының статистикасы жүргізілмейтіні анық. Бірақ осылардың ойқастауы апатқа түрткі болтыны рас.
Кеше түні Меркі-Шу арасында болған оқиға құзырлы органдар үшін үлкен сигнал. Ішкі істер министрлігі бұл бассыздықты қолға алып, қатаң шараларға көшеді деп ойлаймыз. Тахограф орнатып, жүргізушілерге жылдамдық шектеуін енгізіп, жаппай тексеру қажет. Осылар тіпті рация қойып алып, жол полициясының қозғалысын бақылап, трассада ойларына келгенін істейді, деп жатыр.
Қаларалық такси ретінде жолаушы алудың бірыңғай ережесі жоқ. Көлік жүргізу тәжірибесі тым аз болса да түнделетіп жолға шығатындар көп. Ұйқысы қанбаса да кете береді. Баяғы автовокзалдар жоқ. Қаларалық қатынас саласында қазір бардак. Жақында Үкімет индрайверді шектеп, автовокзал жүйесін қолға аламыз деді.
Оның үстіне техникалық байқаудан өтпей (оны тексеріп жатқан ешкім жоқ) қолданыста жүрген шетелдік көліктерге бақылауды күшейту керек. Конструктор деп рәсімдеп, көлік ретінде пайдалану біздің елде ғана шығар?! Шетелден арзан бағаға әкеліп, қосалқы бөлшек ретінде құжат алып, онымен такси болып жүргендерге кешегі оқиғадан соң бір өзгеріс керек. Жол қателікті кешірмейді.
Апат салдарынан қызметтік көлікте болған және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен екі патрульдік полиция қызметкері оқиға орнында көз жұмды. Қаза болған полицейлердің бірі 11 баласы бар әке. Toyota Alphard көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші мен тағы үш жолаушы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен орталық облыстық ауруханаға жатқызылды.
Альфард жүргізуші 20-дан асқан жас жігіт деп жатыр. Ол тірі қалыпты. Сол қарсы бағытқа шығып, жантүршігерлік апатқа себепкер болған, деген ақпарат бар.