Ақтөбеде 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр

Ақтөбеде 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр

Ақтөбе облысында 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Құрылыс, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларын қамтыған кәсіпорындар облыс орталығы мен бірнеше ауданда орналасқан.

  • 21 Тамыз
  • 2
Фото: Наталья Зинченко

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Kazinform тілшісі Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішевке сауал жолдап, 19 кәсіпорынның қай бағытта жұмыс істегенін білді. Кәсіпкерлер құрылыс, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өнімді өткізе алмаған. 

— Осы жылдың басында облыс бойынша бәсекеге қабілеттіліктің төмендігіне, құрылыс, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өнімді өткізудің жеткіліксіздігіне байланысты жұмысы тоқтатылған 19 кәсіпорын тіркелді. (Ақтөбе қаласы — 4, Алға ауданы — 3, Әйтеке би ауданы — 1, Қарғалы ауданы — 5, Мәртөк ауданы — 3, Хромтау ауданы — 2, Шалқар ауданы — 1). «Hobas Pipes Kazakhstan» ЖШС-і 2003 жылы құрылған. Полиэфирмен нығайтылған шыны талшықты құбырлар мен фитингтер шығарды. Ал «Ақтөбе метал емес құбыр зауыты» АҚ-ы 2005 жылы құрылған. Полиэфирлі, эпоксидті, винилэфирлі шайырлар мен кварцты құм негізіндегі шыны талшықты құбырлар шығарды. «Ақтөбе Жылыжай» ЖШС-і 2014 жылы құрылған. Қызанақ пен қиярды аз көлемді гидропоникалық технология әдісімен өсірді. «АНДИ» ЖШС-і 2011 жылы ашылды. Сүт өнімдерін өндірді. Осы төрт кәсіпорын Ақтөбе қаласында орналасқан. Алға ауданындағы құс фабрикасы, полипропилен қаптарын өндіретін цех, Мәртөктегі ет пен сүтті қайта өңдейтін «Алғабас» ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұр. Катодты мыс және мыс, темір кендерін, кобальт-никель кендері, қоңыр көмір өндіру, фракциялық қиыршық тасты шығару, кірпіш өндірісі де тізімде бар,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішев. 

Басқарма басшысы негізгі себебін жабдықтардың ескіріп, технологиялық кемшіліктер жіберілген деп есептейді. Сонымен бірге қаржылық қиындықтар туындап, айналым қаржысы жетпеген. Өнімді сату да қиынға түскен. 

— Аталған кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған соң шамамен 270 жұмыс орны босатылды. Тоқтап тұрған кәсіпорындарды қалпына келтіру мақсатында тұрақты негізде ішкі және сыртқы инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен жыл басында «Ақтөбе метал емес құбыра зауыты» АҚ-нің (шыны талшықты құбырлар) тоқтап тұрған ғимаратын жергілікті «FIBC Kazakhstan» ЖШС-і (полипропиленнен жұмсақ контейнерлер, вагон төсемдерін өндіру) қолданыстағы өндірісті одан әрі кеңейту үшін сатып алды. Сондай-ақ «HOBAS Pipes Kazakhstan» ЖШС-нің ғимаратын «БАТЫС МЖБК» ЖШС-і сатып алды. Бұл компания бүгінде жаяу жүргіншілер көпірлерінің тіректері мен жиектерінің құрама темірбетон бөлшектерін шығарады. Биыл төртінші тоқсанда өнім ассортиментін кеңейте отырып, қосымша цехтар салу жоспарлап отыр. Сонымен қатар бүгінде әрбір тоқтап тұрған кәсіпорынды реанимациялау бойынша Жол картасының жобасы әзірленді,- деп хабарлады Асқар Әбішев.

Айта кетейік, Ақтөбеде биыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехын жаңғырту, Темір кендерін құрғақ магнитті сепарациялау фабрикасын салу, Ұсақ бөлшектерді өндіру цехын салу, Жүнді бастапқы өңдеу және тоқыма емес материалдарды дайындау бойынша цех салу, Майлы дақылдарды өңдеуге арналған астық қоймасын салу инвестициялық жобалары іске асырылуы тиіс. Инвестицияның жалпы сомасы шамамен 27,5 млрд теңгені құрайды. Шамамен 300-ге жуық жұмыс орнын құрылады. 

Еске салсақ, Ақтөбеде егін ору жұмысы жүріп жатыр. Алға ауданындағы диқан гектарынан 20-25 центнер өнім алды.