Бүгін түсте полицияның қолына түскен журналист Асхат Ниязов түсініктеме берген соң, полиция бөлімінен босап шықты. Бұл туралы ол жергілікті белсенділерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Асхат Ниязовтың айтуынша, ол кеше Алматы әкімі Ерболат Досаевтан сұхбат алу үшін әкімдіктің ғимаратына барған.
«Алматының әкімдігіне барып, әкімді аңдып жүргенмін. Есігінің алдында біраз жүрдім. Сонда әкімдік қызметкерлері «күдікті адамдар жүр» деп полицияға арыз түсіріпті. Маған телефон соғып «кел» десе, келе салар едім. Түсініктемемде әкімді күтіп жүрдім деп айттым, полиция мені босатты», — дейді Асхат Ниязов.
Алматы полициясының баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты комментарийін ұсынды.
«Алматы қалалық полиция департаментіyt күдікті адамдардың мемлекеттік қорғауға алынған нысанды түсіріп жатқаны туралы хабарлама келіп түскенін хабарлайды. Жеке басын және істің мән-жайын анықтау үшін азаматтар Бостандық аудандық полиция Басқармасына шақырылды. Мән-жай анықталған соң олар босатылды», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.