Су тасқынынан зардап шеккен 34 мыңнан астам отбасы біржолғы төлем алды – Қанат Бозымбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Су тасқынынан зардап шеккен 34 мыңнан астам отбасы  біржолғы төлем алды – Қанат Бозымбаев

Су тасқынынан зардап шеккен 34 мыңнан астам отбасы біржолғы төлем алды – Қанат Бозымбаев

 Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен 34 мыңнан астам отбасы жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мө

  • 24 Қыркүйек
  • 4
Фото - Caravan.kz

 Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен 34 мыңнан астам отбасы жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алғанын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биылғы су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер етті. Мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетілді – баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды, 34 мыңнан астам адам 12,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан басқа, шамамен 10 млрд теңге көлемінде 150 АЕК есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді», — деп мәлімдеді вице-премьер.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілеріне су тасқыны салдарынан келген мүлік шығындарын өтеу ретінде 615 мақұлданған өтінім бойынша 10,2 млрд теңгеден астам қаражат төленген. Айта кету керек, шағын және орта бизнестің шығындарын өтеу қағидаларының қолданылу мерзімі 2025 жылдың сәуіріне дейін ұзартылатын болады.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жойылған ауыл шаруашылығы дақылдары мен суға кеткен жануарлардың иелеріне шығынды өтеу үшін шамамен 3,15 млрд теңге бөлінді.

Жалғыз баспанасы болып саналатын 17,6 мыңға жуық үй мен саяжай құрылысы су астында қалды. Тәуелсіз бағалау компаниялары мен комиссиялардың жүргізген зерттеуі негізінде 9 156 үйді жөндеуге болатынын, ал 8 447 үй апатты деп танылды.

«Жалғыз баспанасы апатты болып танылған тұрғын үй иелеріне көмек көрсету үшін, Мемлекет басшысы оларға жаңа тұрғын үй беру туралы шешім қабылдады. Бұл ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүргізілді. 3,5 айда типтік жобалар бойынша 2576 үй салынды және қайталама нарықта 5767 үй мен пәтер сатып алынды. Сонымен қатар 9156 үй жөнделді», — деді спикер.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазіргі сәтте Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс толық аяқталғанын хабарлады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 38 үй, Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аяқтау мерзімі –1 қазан.

«Алдағы жылыту маусымына дейін әкімдіктерден барлық салынған үйлерде жылу жүйелерін тестілеу жұмыстарын жүргізуді сұраймын. Өнеркәсіп және құрылыс министрі бұл мәселені бақылауда ұстауы керек. Болашақта су тасқынын болдырмау үшін облыс әкімдері жыл соңына дейін бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарын аяқтауы қажет», — деді Қ. Бозымбаев.

Үкімет отырысында қысқа мерзімде үйлерді сатып алу және салып беру ісінде отандық кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдау көрсетілгені айтылды. Олардың қаржылай қолдауының арқасында 260 млрд теңге демеушілік қаражат тартылды.

«Бұл жағдайда бизнес үлкен әлеуметтік жауапкершілік танытты, алайда алдағы уақытта төтенше жағдайлардан зардап шеккендердің шығындардың өтеудің жаңа шаралары мен тетіктерін қарастыру қажет. Республикалық және жергілікті бюджеттердің төтенше жағдайға арналған резервтің төмендетілмейтін соммасын айқындау керек. Мүлікті төтенше жағдайдан міндетті сақтандырудың оңтайлы модельдерін анықтау және табиғи апаттар қаупі бар аймақтарда енгізу бойынша жұмысты бастау қажет. Сонымен қатар catastrophе bond-тар механизмін енгізу керек», — деп атап өтті вице-премьер. 

Сондай-ақ отырыста қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізе отырып, бірқатар мәселелерді нормативтік тұрғыдан реттеу қажеті айтылды. Атап айтқанда тұрақты жұмыс істейтін Республикалық жедел штабын құру, оны өңірлік және республикалық денгейдегі төтенше жағдайлар кезеңінде шешімдер қабылдау, зардап шеккен мүлікті қалпына келтіру, залалды өтеу, ұйымдардың күштерін және олардың мүлкін тарту бойынша өкілеттіктер беру жоспарлануда.

«Осы мәселелерді шешу үшін, төтенше жағдай, көлік, өнеркәсіп және құрылыс Министрліктеріне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігіне осы жұмысты биыл аяқтауды тапсыруды сұраймын», — деп қорытындылады баяндамасын вице-премьер Қанат Бозымбаев.