Caravan.kz медиа порталы Қазақстан Президентінің жаңа тұжырымдамасы қалай іске асып жатқаны туралы материал ұсынады.
Әділетті Қазақстанды тек қана Адал азамат құрады. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтай 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылды. Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Ал Мемлекет басшысының ұлттық құрылтай құруының басты мақсаты – бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құру. Бірінші бас қосу ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытауда, екінші рет түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан төрінде, үшінші отырыс Сарайшық іргесіндегі Атырауда өтті.
Ұлттық құрылтай жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең. Ата Заңға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасалды. Өзгерістер мемлекетіміздің тұғырын бекіте түсті. Сондай-ақ еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.
«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саясаттанушының пікірінше «Адал азамат — Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты идеологиялық жоба.
«Президент бұл тұжырымдаманы биыл Амал мерекесінің қарсаңында өткен Ұлттық құрылтайда айтты. Соңғы жылдары біз, сарапшылар мен қоғам белсенділері ұлтты қалай біріктіруге болады, ұлттық идеология, мемлекет азаматтарын біріктіретін идеяларды талқылап келдік. Президенттің бұл жобасы біздің сұрағымызға жауап. Бұл ойдан шығарылған жоқ. Ұлт ақыны Абай Құнанбаевтың идеясынан құрылған жоба. Адал азамат дегеніміз – адал табыс табатын, адал жұмыс жасайтын, заңға бағынатын азамат. Осы үш тұғыр біздің мемлекетіміздің ұстанымына айналуы керек»,- деді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.
Сарапшының айтуынша, Президент билікке келгелі халық алдында жылына екі рет шығып сөйлейді. Біріншісі, Парламенттің отырысы, яғни қыркүйек айында саяси тақырыптарды көтерсе, жылдың басында ұлттық құрылтайда сөз сөйлейді. Екуінің тақырыптары әр түрлі болғанымен, ұстаным мен бағыты бір. Ол ұлттық идеологияны қалыптастыру.
Осы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиясының көрсеткіші ретінде жасалып жатқан іс-шараларға тоқталсақ.
Біріншіден, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Яғни адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрқашан да құрметке лайықты болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сынды қасиеттер өте жоғары бағалануы керек. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесі көтерілсе, ол адал еңбек етіп, адал табыс табады.
Екіншіден, ұстаздар қауымына жасалып жатқан жағдайды да атап өткен жөн. «Педагог мәртебесі» қабылданғалы бері, бұл мамандыққа деген сұраныс арта түсті. Себебі қоғамда ұстаздар қауымына деген құрмет төмендеп кеткен еді. Қазір мұғалімдердің жалақысы едәуір өсті, студенттердің шәкіртақысы көбейді. Ұстаздар өздеріне қажет емес жұмыстардан босатылды, санаты мен дәрежесіне байланысты еңбекақысына қосымша үстемақы да қосылды. Еңбек демалыстары ұзартылды. Бұның барлығы еңбек адамдарының мәртебесінің өскенін көрсетеді. Себебі ұстаздар қоғамның жүрегі. Әділетті Қазақстанды құру үшін, ең алдымен өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңіру керек.
Үшіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейе түсті. Былтыр «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойылды. Бір жылдың ішінде қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңге қайтарылған. Ал кейінгі екі жарым жылда олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге келіп түсті.
Жалпы, бұл Антикордың кезекті мәрте заңсыз иемденген активтерді елге қайтару әрекеті. Бұған дейін Қайрат Боранбаев заңсыз жинаған біраз қаражатын мемлекет меншігіне қайтарған еді. Дәл қазір бұл істі Антикор да, тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатаң бақылауына алған. Президенттің бастамасымен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі белсенді жүргізіліп жатыр. Ал жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектептер салынады. Қазір үш аусымды мектеп мәселесін, апатты білім ордаларын қалпына келтіру, орын тапшылығын жою мақсатында жайлы мектеп, тірек мектеп жобалары іске асып жатыр.
Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Әділетті қалыптастыру жолында мұндай жұмыс өте қажет. Антикор қызметкерлеріне ыждағаттылық пен қырағылық тілеймін. Мемлекеттен тысқары кеткен әрбір тиын халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Бұл жұмыстар сапалы іске асуы үшін, мемлекет басшысы шенеуніктерге халықпен әрдайым тығыз байланыста болуды тапсырды.
Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін мемлекет» қалыптастыра алды ма?
Соңғы уақытта «Еститін Мемлекет» тіркесін жиі естиміз. Бұл тұжырымдама 2019 жылы Тоқаевтың билікке келгенімен қалыптасқан жоба. “Еститін мемлекет” тұжырымы халықтың үніне құлақ асатын, ашық әрі есеп беретін үкімет құруды мақсат етеді.
«Еститін мемлекеттің мағынасы, халық пен билік арасында ортақ алаң қалыптастыру. Тоқаевтың билікке келгеніне бес жыл болды. Ал «Еститін Мемлекет» тұжырымдамасы біртіндеп жүзеге асып жатыр. Бұл билік тарапынан жасалған алғашқы қадам, азаматтық қоғам тарапынан да қадам жасалуы керек. Екі тараптан толықтай ортақ түсінік қалыптасқан кезде, билік пен халық арасында бірегей ортақ платформа қалыптасады деп ойлаймын. Сол кезде «Еститін мемлекет» қана емес, белсенді қоғам қалыптасады», — деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Қазақстанда «Еститін мемлекет» қалыптастыру бірнеше факторларға байланысты.
«Біріншіден, сайлау науқаны келе жатыр. Азаматтардың саяси қоғамдық белсенділіктері арқылы жүзеге асуы керек. Қоғамда қазір ақпарат көп. Жалған таратылған ақпарат азаматтарға теріс әсерін беріп жатады. Олар соған сеніп, мемлекеттен талап етеді. Сондықтан «Еститін мемлекет» екі принципке негізделуі керек. Билік тарапынан әділеттілік пен кеңдік принципі, халық тарапынан ашықтық және сыни ойлауға негізделген ақпарат қабылдау принципі. Сол кезде екі тарап бірігеді. Тәжірибеге сүйенсек, әлем елдері, оның ішінде Еуропа елдері халықпен ортақ алаң қалыптастыру мақсатында ұзақ жылдар еңбек етті. Ол 5-10 жыл емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жұмыстың нәтижесі», — деді саясаттанушы.
Қазақстанда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының іске асуы бірнеше бағытта көрініс тауып келе жатыр:
Саяси реформалар және халықпен диалог: Тоқаев бірқатар саяси реформаларды жүзеге асырды. 2022 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер осының бір мысалы. Бұл реформалар Парламенттің рөлін күшейтіп, ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізді. Мұндай шаралар халықтың басқару үдерісіне тікелей қатысуын арттыруға бағытталған .
Әлеуметтік желілердегі белсенділік: Мемлекет басшысы және оның әкімшілігі әлеуметтік желілер арқылы халықтың сұрақтарына тікелей жауап беріп, өзекті мәселелерді талқылайды. Бұл халықпен байланыс орнату және олардың пікірлерін ескеру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланады .
Халыққа қолжетімді цифрлық платформалар: “Egov” және басқа да цифрлық платформалар арқылы азаматтардың өз құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтерді алу үдерісі жеңілдетілді. Бұл құқықтық сауаттылықты арттырып, мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтты .
Референдумдар және кеңес беру: 2022 жылғы конституциялық референдум және 2024 жылғы атом электр станциясы мәселесі бойынша референдум сияқты шаралар халықтың маңызды мемлекеттік шешімдерге қатысуына мүмкіндік беріп, олардың пікірін ескеретін тұжырымдаманың жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Алайда, кейбір сыншылар “Еститін мемлекет” қалыптасқан жоқ деп санайды. Сыни пікірлердің бір бөлігі мемлекеттік органдардың әлі де болса халықтың сұрауларына баяу жауап беретініне және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы жеткіліксіз екеніне назар аударады.
Саясаттанушы Қуаныш Еділхантегі Әділетті Қазақстан құру үшін, Мемлекет басшысынан бастап жергілікті әкімдік халық арасында болуы керек дейді.
«Әділетті Қазақстан құрылып жатыр дейді, ал неге оны қарапайым халық көрмейді? Міне сұрақтың тамыры қайда жатыр. Президент елді аралап, халықтың арасында жүруі керек. Министрлер мен әкімдер ұсынған қағазға сеніп отыруға болмайды. Қарапайым жұрттың пікірі мен өзекті мәселелері мемлекеттік деңгейде көтерілуі керек», — дейді сарапшы.
Сарапшының ойынша, еститін үкімет көп жағдайда маңызды мәселелерге құлақ аспайды.
«Мысалы АЭС тақырыбын алайық. Қазір бұл қоғам үшін өзекті болып отыр. Осы бойынша талқылаудың немесе пікір-таластың өтіп жатқаны жайлы халық бейхабар. Газет-журналдарда мақала шығып жатқан шығар, бірақ қалың көпшілік оны байқамай қалды. Тез-тез өткізудің амалын жасап, бірден референдум тағайындалды. Ал ол жердегі сайлау комиссиясы сол баяғы мұғалімдерден құралған құрам. Мұғалімдерді кез-келген шараға қатыстыру орынсыз. Референдум өткізу үшін, ең алдымен сол сайлау комиссиясының құрмамын өзгертуден бастау керек еді. Біз бұл туралы жиі айтып жүрміз, бірақ үкімет естіп отырған жоқ. Осыған қарап еститін мемлекет құрылып жатыр деп айта алмаймын», — деді саясаттанушы
Ал саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев керісінше, референдумды «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын орындаудың бір мысалы ретінде санайды. Себебі халық билікті емес, билік халықты естігісі келіп тұр.
«Соңғы жылдары елімізде екі рет референдум өтті. Жаңа заңнамалардың қабылдануы бұл билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынас. Бұл мәселелерді халық шу шығарып, мемлекет деңгейінде көтерілген соң қабылданды деп айтуға келмейді. Мәселе, осы шулы оқиғаларды билік естіп, нақты шаралар қабылдануымен байланыстыру керек», — дейді сарапшы маман.
Расымен де, бес жыл ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгерді. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады.
«Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек. Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ», — деді Президент биылғы Жолдауында.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату бүгінгі маңызды міндеттердің бірі. Ал оған ұмтылу тек министрлер мен әкімдердің ісі ғана емес, бүкіл халықтың міндеті. Билік халықтан алшақтамау керек, ал шенеуніктер осы елдің азаматтарымен тығыз байланыста болуы керек.
Қазір ақпарат ағыны кең заман. Әлеуметтік желілер дамыған заман. Қазақстанда оны қолданушылардың саны 18 миллионға жуықтады. Инстаграмға 10,45 миллион ел тұрғыны тіркелсе, Тик Ток әлеуметтік желісіндегі көрсеткіш 10,41 миллион. Ал Фейсбук желісін халықтың 11 пайызы қолданады, яғни 1,2 миллион.
Халық үнін есту үшін Президент әкімдер мен шенеуніктерге әлеуметтік желіде белсенді болуды тапсырды. Қазір барлық құзырлы органдардың ресми парақшалары интернет кеңістігінде бар. Қоғамдағы даулы мәселелер әлеуметтік желі арқылы тез тарап, халықтың жан айқайы мен азаматтық пікірлері үкіметтің құлағына жетіп жатыр. Әлеуметтік желілер арқылы петицияларға қол қойылып, жұрт өз пікірін осылайша жеткізіп келеді.
Саясаттанушының пікірінше, әлеуметтік желіні тым асыра бағалау үкіметтің қателігі. Мемлекеттік органдардың ресми парақшалары арқылы шынайы факторлар мен жаңалықтарға баса назар аударып, соларға ғана сену керек. Ал әр түрлі боттар мен жеке азаматтардың пікірлері жарияланатын сайттар сараланып отырғаны дұрыс.
«Себебі соңғы он жылда әлеуметтік желі адамдар арасында ақпарат алмасатын алаң ғана емес, саяси құралға айналды. Бұл тек Қазақстанда емес, әлемнің бірқатар елдерінде пайда болды. Сондықтан оны саяси платформаға айналдыру қоғам үшін қауіпті. 2016 жылғы Америкадағы оқиғаны білетін шығар көпшілік. Ол кезде Президенттік сайлау кезінде әлеуметтік желі арқылы саяси науқанға кері ықпал еткен. Одан бөлек Cambridgе Analyticа ақпараттық дауы орын алған еді. Бірақ бұл әлеуметтік желіде отырмау керек, ақпаратпен бөліспеу керек деген сөз емес», — дейді біздің сарапшы.
Еститін Мемлекет салдарымен емес, себептерімен күресетін ел болуы керек. Егер біз әр мәселені тек ушыққан кезде шешіп отыратын болсақ, ол тиімсіз болады.
«Мысалы қазір әлеуметтік желіде әскерилердің өз-өзіне қол жұмсау факторлары ушығып кетті. Бұған үлкен ақпараттық медиалардың ықпалы бар. Халықтың талқылауында жүрген тақырыпқа айналды. Нәтижесінде Президент соңғы жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып өтті. Өткен аптада министрлер осы саладағы қызметтерге сөгіс жариялады. Әрине, амалдың жоқтығынан туындаған қадам. Сондықтан бұл мәселенің тек салдарын жоймай, себептерімен күресетін саясатқа айналуы керек», — дейді саясаттанушы.
Осындай әлеуметтік желідегі белсенділіктің арқасында елімізде қабылданған бірнеше жаңа заң нормаларын тізбектеп шықсақ.
Соның бірі 15 сәуірде қабылданған әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату заңы. Бұл заңның қабылдануына қазақ әйелдері мен аналардың септігі тиді. Халықтың жан-айқайы барша қоғам болып бірлескен жұмыстың арқасында әлеуметтік желі арқылы әйтеуір үкіметке жетті. Қазақстан қабылдаған аталмыш заң әлем елдерінің қолдауын тапты, БҰҰ жоғары бағалады.
Тағы бір енгізілген жаңа норма кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын құжат. Себебі жеке кәсіпкерлер үнемі мемлекеттік органдар тарапынан қыспаққа алынатын еді. Олардың мәселесі да үкіметке жетті. Енді кәсіпкерлерді жиі тексеру азайды, айыппұлдар саны бірнеше есе төмендеді. Биылғы Жолдауында Президент қарызы бар кәсіпкерлердің есепшотын бұғаттамауға тапсырыс берді. Тіпті миллионнан асса да, бөліп төлеу қарастырылатын болады.
Еститін мемлекеттің тағы бір көрсеткіші — қазақстандықтардың петициясы үкімет деңгейінде қаралатын болды. Петиция институтын реттейтін заң 2024 жылы сәуірде күшіне енді. Ол үшін 50 мың қол жиналуы керек. Петицияның өзін арнайы интернет портал арқылы ұйымдастыруға болады. Халықтың талабын мемлекеттік органдар ескерусіз қалдырмайды. Ал немқұрайлы қараған шенеуніктер жаза арқалауы мүмкін.
Халық талап ететін петициялардың толық тізімін epetition.kz сайтынан көруге болады. Мысалы шенеуніктерге құмар ойындарына тыйым салуды талап еткен петиция 50 мың қол жинаған еді. Халықтың айтуынша, олар өз отбасыларын ғана емес, халықты да тонайды. Мысалы, 2022 жылы Алматы облысының прокуратурасы жүргізген тексеру қорытындысы бойынша 300-ге жуық мемлекеттік қызметші мен әскери қызметкер казинода 507 млн теңгеден айырылғаны анықталды. Бұл қаржының қайдан шыққанына қатысты сұрақ көп. 2024 жылдың наурызында Ақтөбеде букмекерлік кеңседе бюджеттен ұрланған 23 млн теңгені ұтылған әскери қызметші сотталды. Мұндай жағдайлар өте жиі тіркеледі, бірақ әрқашан көпшілікке жария етілмейді.
2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы лудоманияның алдын алу, оның ішінде құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімін кеңейту жолымен кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Осыған байланысты заң жобасына мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойын мекемелеріне баруға және бәс тігуге іс жүзінде тыйым салу енгізілді. Ережеге бұзған жағдайда қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылады.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келген еді. Ал утильалымды жою туралы петиция 50 мың қол жинаған.
Саясаттанушының айтуынша, «Еститін мемлекет» бір реттік саяси ұпай жинау мақсатында жасалатын реформа емес. Бұл ұзақ мерзімді, қателіктердің қайталануына жол бермеу мақсатында жасалатын жоба. Бұл тек Президент тарапынан атқарылатын жұмыстар емес. Бұл жергілікті деңгейде, мәслихат пен халық арасында, дауыс берушілер мен кандидаттың арасында, әкімшіліктердің ішінде фронт-офистардың ашылуы, мемлекеттік қызметкерлердің БАҚ алдындағы жауапкершілігі сынды жұмыстар арқылы іске асатын ұзақ мерзімді реформа.
«Менің ойымша, «Еститін мемлекет» тіркесі дұрыс емес. Себебі естимейтін мемлекет деген сөз жоқ. Мен мұны «жауапкершілікті билік» деп айтатын едім. Себебі тұжырымдаманың түпкілікті мәні осы сөзде. Әр бір жүргізген реформаға, саясатқа жауап бере алатын билік және өзінің конституциялық құқығын талап ете алатын халық. Сонда ғана бізде баланс сақталады деп ойлаймын», — деді Нұрболат Нышанбаев.
Біздің Конституциямыздың 33-бабында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысуға, жеке өтініш жасауға, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштерді мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жіберуге құқығы бар» деп көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми кіріскеннен кейін бастаған игі бастамасының бірі – мемлекеттік басқару ісіне азаматтық қоғамды кеңінен тарту міндеті болды. Биыл өткізілетін референдум Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам. Президент тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды жеңуге, жаңаша дамуға жол ашатыны сөзсіз.