Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласы Жетісу ауданы полициясының мәліметінше, ол ірі көлемде ақша ұрлыған.
– Полицияға кабельді сатумен айналысатын компанияның өкілі арызданған. Оның көлігінен 23 миллион теңге салынған сөмке жоғалып кеткен. Ер адамның айтуынша, ол көлігін аз уақытқа қалдырып кеткен. Қайта оралған кезде көлік әйнегінің сынғанын және сөмкенің жоғалғанын көрген. Бұл қылмысты ашу мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Бейнежүйелердің көмегімен жәбірленушінің әрекетінің хронологиясы қалпына келтіріліп, күдіктінің жәбірленушінің соңынан еріп, бөтеннің мүлкін ұрлау үшін қолайлы сәтті күтіп жүргендігі анықталды. Тергеудің бір нұсқасы бойынша, қаскөй біреудің айтуымен әрекет еткен болуы мүмкін. Іс мұқият тексеріліп жатыр, — деді Жетісу ауданы полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Мобильді болу үшін және дулыға астында байқалмау үшін күдікті мопедке мінген. Алайда жедел уәкілдер оны тез арада анықтап, ұстады.
– Ұрлық болған күннің келесі күні күдікті әйелімен бірге ұрланған купюраларды долларға айырбастаған. Бұл деректе бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, – деді Жәнібек Шынасылов.