Отын қоймаларында көмір мен мазут қоры жеткілікті көлемде жинақталған — Алмасадам Сәтқалиев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Отын қоймаларында көмір мен мазут қоры жеткілікті көлемде жинақталған — Алмасадам Сәтқалиев

Отын қоймаларында көмір мен мазут қоры жеткілікті көлемде жинақталған — Алмасадам Сәтқалиев

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның алдағы жылу беру маусымына дайындығы қаралды. 

  • 8 Қазан
  • 8
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еліміздің энергетика және коммуналдық шаруашылығы саласындағы инфрақұрылым мәселелерін шешу Президент Жолдауында айтылған негізгі бағыттардың бірі. Осыған орай, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, қазіргі атқарылып жатқан жұмыс туралы мәлімет берді.

Министрдің айтуынша, жылу беру маусымы Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында басталып кетті. Ауа райы жағдайына байланысты еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде қазан айының ортасында жылу беріледі деп жоспарланып отыр.

«Электр стансаларындағы жөндеу кестесіне сәйкес 5 энергия блокта, 32 қазандықта, 28 турбинада жөндеу жұмысы аяқталды. Жөндеу жұмыстары 4 энергия блокта, 23 қазандықта және 16 турбинада түрлі кезеңдерде жүргізілуде», — деп атап өтті А. Сәтқалиев.

Министр келтірген дерек бойынша, электр желілерінде 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станса және 4 046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. Жалпы, жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. 

Жылыту кезеңіне дайындықты күшейту және алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін Министрлік тарапынан:

— электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді;

— электр қуаты нарығындағы шекті тариф ұлғайтылды;

— қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды.

Бұл тұрғыда 2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды өткен жылдың деңгейінен 44%-ға арттырып, 327 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

«Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,2 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут жинақталған, жалпы нормаға сәйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орталығында көмір қоры 20 тәулік нормадан 14 тәулікті ғана құрайды. Жинақтау жұмыстары жалғасуда. Министрлік өңірлер бойынша бірқатар мәселені бақылауда ұстап отыр», — деді спикер.

Энергетика министрінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер жылу электр орталығында 2 қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы 2 қазандықты жөндеу аяқталды, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 2 қазандықты жөндеу 10 қарашаға дейін аяқталады. 

«Түркістан облысы Кентау қаласының жылу электр орталығында №8, 10, 11 қазандықтар іске қосылған. № 5, 6, 9 қазандықтардың дайындығы қазан айының ортасына дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Қыс мезгілінде 4 қазандық жұмыс істеп тұруы қажет», — деді ол.

Маңғыстау облысында энергия жүйесінің тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін, «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылу электр стансасының № 3 энергия блогын жөндеуді жыл соңына дейін аяқтау қажет. 

Сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуі үшін энергетикалық кәсіпорындар:

— негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуді бекітілген мерзімде аяқтауы қажет;

— отынның нормативтік қорының жинақталуын және сақталуын қамтамасыз етуі керек;

— Энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті энергетикалық кәсіпорындарға тұрақты тексерулер жүргізіп отыруы тиіс.

«Жылу беру маусымының тұрақты өтуі, жылу көздерінің үздіксіз жұмыс істеуі министрліктің бақылауында», — деп қорытындылады баяндамасын Алмасадам Сәтқалиев.