Алматы әкімі Ерболат Досаев АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Куш Чокси бастаған АҚШ-тың бизнес-миссия делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Chevron, Citibank, John Deere, VISA және т.б. компаниялардың қатысуымен өткен кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және инновациялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қала басшысы азық-түлік өндірісі, цифрлық технология, қаржы қызметі, туризм және қызмет көрсету сынды көптеген саланы қамтитын АҚШ-пен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.
Биыл Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы шамамен 680 миллион доллар болды. Қалада америкалық капиталдың қатысуымен 343 кәсіпорын жұмыс істейді.
Кездесу барысында қаланың инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін дамыту, сондай-ақ Алматы мен Нью-Йорк арасындағы тікелей әуе рейстерін ашудың елдер арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңыздылығы талқыланды.