Істің мән-жайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша өкілдігі облыс прокуратурасымен бірлесіп Іле ауданы әкімінің бірқатар жемқорлық қылмыстарын әшкереледі. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз аффилиирленген компанияға қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға беру күдігіне ілінді», — деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, әкімге лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдік келтіріліп отыр.
«Қылмыстық әрекетке аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары да тартылған. Айта кету керек, компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған, ал оның қызметінен түскен табысты әкім жеке өзіне пайдаланған. Өңір экологиясына құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан 204 млн теңге көлемінде залал келтірілді», — деп толықтырды ресми өкіл.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, биыл 4 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев қамауға алынды.
Кейін Алматы облысының прокуратурасы Іле ауданының әкімінің ұсталуына қатысты түсінік берді.