"Қазақстан бюджеттік кризис қаупі алдында тұр": Қытайдың ұсынысы атом энергетикасындағы ең тиімдісі - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақстан бюджеттік кризис қаупі алдында тұр": Қытайдың ұсынысы атом энергетикасындағы ең тиімдісі

"Қазақстан бюджеттік кризис қаупі алдында тұр": Қытайдың ұсынысы атом энергетикасындағы ең тиімдісі

Қазақ халқына қандай АЭС керек екенін үкімет шешетін болады. Бірақ ондай реактор таңдау принциптары қандай?

  • 23 Қазан
  • 29
Фото: ria.ru

2028 жылдары Қазақстанда бюджеттік кризис басталу қаупін ескерсек, қымбат АЭС бізді дефолтқа итермелеуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін экономикалық жағынан ең тиімдісі Қытайдың ұсынысы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қаржы маманы Айбар Олжаев елімізге қандай АЭС керек және оны кім салса тиімді болатыны жайлы болжам жасады. 6 қазан күні қазақ халқы АЭС керек деп шешті. Қазақ халқына қандай АЭС керек екенін үкімет шешетін болады. Бірақ ондай реактор таңдау принциптары қандай? Таза экономикалық па, әлде саясат араласа ма?

Реактор және экономика

Үкімет мүшелерінің біраз комментарийіне қарап отырып, «несие алып, және оның төлемдерін сол АЭС-тың тапқан табысымен жауып отыру сценарийі» АЭС салудың негізгі қаржылық моделі ретінде таңдалғанын аңғарамыз. Ұлттық қордың бар қаржысын АЭС-ке жұмсау вариантына қарағанда бұл өте тиімді. Және бір қызығы, біз егер ең арзан реактор таңдасақ, онда қазіргі электрэнергиясы тарифтері аясында (қымбаттатпай) тұтынуға болады. Бірақ мұны нақты есептеп көру керек.

АЭС салу біз үшін ипотека алғанмен бірдей болады. Себебі, бастапқы жарна сияқты, қаржының бір бөлігін біз өз қалтамыздан шығарамыз, ал қалғаны кредит болмақ. Осы айдың басында біз 4,71 пайызбен еурооблигация орналастырдық. Демек біз үшін халықаралық кредит те осы маңайда болады деп есептеуіміз керек. Әр реактордың бағасы мен қуатын білсек, кредит ставкасын білсек, онда төрт елдің ұсынып отырған станциялары бізге қаншалықты тиімді, электр бағасы қымбат бола ма, қарыз қамытынан қашан құтыламыз, оларды есептеп шығаруға болады.

Қазақстан үшін экономикалық жағынан ең тиімдісі Қытайдың ұсынысы

Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) 1200 мегаваттық Хуалун-1 реакторын (HPR-1200) 2,8 миллиард долларға салуға дайын. Демек, Балқаштағы екі реакторлық 2400 мегаваттық АЭС 5,6 миллиард долларға шығады. Бірақ қымбаттап кетуі бар, қосымша шығындары бар, 7 миллиард доллар деп есептеу керек. Қытайлар бұл АЭС-ті 5-6 жылда тұрғызамыз деп отыр.

Енді осы Хуалун сценариін есептейік. Екі блокты, 2400 МВт Қытай АЭСі – 7 миллиард доллар. Оған 2 миллиард долларды Ұлттық Қордан, ал қалған 5 миллиард долларды 4,7 пайызбен 10 жылға кредитке алдық дейік. Құрылыс уақытында 6 жылға каникул беріледі деп есептейік. Сонда біз кредитті тек 2031 жылдан бастап 2041 жылға дейін төлейтін боламыз.

Осы кезде 10 жылдағы артық төлеу (переплата) 1,27 миллиард доллар болуы мүмкін. Сонда біз 10 жылдың ішінде халықаралық ұйымдарға 6,27 миллиард доллар қайтарамыз. Демек, 2031 жылдан бастап жылына 627 миллион доллардан немесе қазіргі бағаммен 301 миллиард теңге төлеп отыруымыз керек. Одан бөлек, өзіміз Ұлттық Қордан алған 2 миллиард доллар да далада жатқан ақша емес қой. Оны да кемінде осындай 4,7 процентпен қорымызға қайтарғанымыз абзал. Оны да есептеп жіберейік. Біз 2041 жылға дейін Ұлттық қорға 2,51 миллиард доллар қайтаруымыз керек. Жылына бұл 251 миллион доллар немесе 120,48 миллиард теңге.

Сонда, жыртықты жауып отыру үшін АЭС-іміз жылына кемінде 422 миллиард теңге таза пайда тауып отыруы тиіс. Ондай пайда табу мүмкін бе?

2024 жылы тұтынушылар үшін электр энергиясының ең арзан тарифы киловатт/сағатына 26,7 теңге болды. Бұл сізге желі арқылы келген дайын тоқ. Ал стандартты көмір электростанциясының өзінен бір кв/сағат шамамен 17 теңгеге сатып алынады. Қалған 10 теңге — ол киловатт-сағатты сізге үйге жеткізу шығындары. Біздің 2400 мегаватт АЭС шамамен бір жылда 19,2 миллиард киловат-сағат өндіре алады деп сенсек, онда қазіргі бағамен ол 326 миллиард теңге таба алады. Бірақ осы қаржыдан ол айлық төлеуі керек, эксплуатациялық шығындары бар. Демек, кредитті толық қайтара алмайды. Ол үшін сату тарифі кемінде 28 теңге болуы тиіс. Егер АЭС шығарған энергия зауыттар мен ірі өндіріске бағытталса, оның еш қиындығы жоқ. Себебі, заңды тұлғалар электр тоғына халыққа қарағанда екі есе көбірек төлейді. Киловатт/сағатты 28 теңгеден сатса, жылына 537 миллиард теңге түседі. Одан 422 миллиард теңге кредит төлесе, өзін ұстап тұру үшін 115 миллиард теңге қалады.

Бұл ең арзан Қытай АЭС-імен жасалған есептеулер. Енді Росатом десек, онда тура сол қуатты (2400 Мвт) бірден 15 миллиард доллар мен 10 жылға көбейту керек. Общым, ол кезде біз он жылдан кейін жылына 1 триллион теңге немесе 2 миллиард доллар қайтарып отыруымыз керек. Онда АЭС-тен шығатын электр тоғы алтынмен тең болады – киловат сағатына 70 теңге. Сіздің пәтеріңізге АЭС-тен шыққан жарық келіп тұрса, айына 35-40 мың теңге тек қана электрэнергиясына төлейтін боласыз.

Әрине, бізге АЭС салу керек. Бірақ бізге барынша арзан АЭС салған өте маңызды. Себебі:

2028 жылдары Қазақстанда бюджеттік кризис басталу қаупін ескерсек, қымбат АЭС бізді дефолтқа итермелеуі мүмкін.

Франция, Корея, Жапония керек дейтіндерге экономикалық жағынан жауап мынадай. Қытай – 7 миллиард доллар, Ресей – 15 миллиард доллар, Оңтүстік Корея – 18 миллиард доллар, Франция — 23 миллиард доллар. Бір сөзбен айтқанда CNNC біз үшін атом энергетика саласындағы пиндуодо болып отыр. «Хуалун-1» дүниежүзіндегі ең арзан және ең тез салынатын 3+ буындағы реактор. Және Қазақстанда шығарылатын уран таблеткаларын тұтынады.

Бір қызығы, болашақта біздегі ең көп электр тоғы АЭС-тен келмейді. 10 жылдан кейін, 2035 жылға қарай біз бір жылда 152,4 миллиард кВт/сағат тұтынатын боламыз. АЭС оның 19,2 миллиардын ғана береді. Сонда, елімізде жалпы өндірілетін электр энергиясының 27 пайызын газ, 12 пайызын су (ГЭС), 17 пайызын көмір, 9 пайызын АЭС, ал рекордты 36 пайызын күн мен жел беретін болады.

Ал қазір 66 пайызды көмір (ТЭЦ), 6 пайызды күн мен жел, қалғанын су мен газ беріп отыр. Жалпы, осылай.