Ғалымдар жылу электр станцияларындағы көмірді биомассаға ауыстыруды ұсынады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ғалымдар жылу электр станцияларындағы көмірді биомассаға ауыстыруды ұсынады

Ғалымдар жылу электр станцияларындағы көмірді биомассаға ауыстыруды ұсынады

Қазақстанда 100-ден астам жылу электр станциясы бар. Олардың барлығы көмірқышқыл газын шығарудың ең үлкен көзі саналатын көмірді жағады. Ғалымдар биомасса мен сапасы төмен қалдықтарды қайта өңдеуге негізделген жаңа технологияларды қолдануды ұсынып отыр.

  • 1 Қараша
  • 40
ФОТО: Нейрожелі ұсынған

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ассистент профессоры Ербол Сарбасов жетекшілік ететін Nazarbayev University (NU) «Таза энергия» зерттеу тобы осы мәселені сегіз жыл бойы зерттеп келеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің 89-шы техникалық семинарында олар жобаларын таныстырды. 2024 жылдың 30–31 қазанында NU-да өткен семинар Қазақстанның энергетикалық болашағына арналған негізгі тақырыптардың бірі – «Көміртекті аулау және сақтау (CCS) процестері үшін қайнау қабатындағы конверсиялар (FBC) технологиясын қолдану» тақырыбына арналды. 

Ғалымдар жылу электр станцияларындағы көмірді биомассаға ауыстыруды ұсынады
Фото: Kazinform

«Әртүрлі отын түрлерін төмен температурада жағу технологиясы көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Қазақстанда жұмыс істейтін станцияларда қазір тек көмір пайдаланылады. Ол жоғары температурада жағылады. Жаңа технология төмен температурада жұмыс істейді және әртүрлі отынды, оның ішінде биомасса немесе кейбір жанғыш қалдықтарды бөлек немесе араластырып пайдалана алады. Бұл технология Скандинавия елдерінде және кейбір Еуропа елдерінде өте дамыған. Мысалы, Польшада барлық станциялар оған көшкен. Қазір біз бұл саланы қалпына келтіріп жатырмыз, зертхана құрдық, ұлттық компаниялардан тапсырыстар алдық», — дейді жоба жетекшісі Ербол Сарбасов.

Семинарға «Самұрық-Энерго» АҚ, Ғалым және жоғары білім, Энергетика министрліктерінің өкілдері, сонымен қатар Швеция, Италия, Ресей, Сауд Арабиясы, Канада Эстония, Жапония және басқа елдердің ғалымдары қатысты. Олар қайнау қабатындағы конверсиялар технологиясының отынның жану тиімділігін арттыруға, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының шығарындыларын азайтуға және балама отынды, оның ішінде биомасса мен төмен сұрыпты қалдықтарды пайдалануға қалайша жол ашатынын талқылады.

«Қазір біз биомасса және қалдықтар сияқты жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатырмыз және бұл көшу әлемдегі жаһандық жылыну мәселесін шешу үшін өте маңызды. Менің ауданым бұл технологияларды көп жылдан бері пайдаланып келеді. Бұрын олар электр станцияларында қолданылған, ал қазір көптеген қалдықты қалпына келтіру зауыттарында және биомасса қазандықтарында кәдеге жаратылады. Біз Қазақстанның тобымызға (Халықаралық энергетикалық агенттік) қатысуын құптаймыз. Өйткені Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан ел және энергетика мемлекеттің болашағы үшін өте маңызды болады», — деді Неаполь Федерико II университетінің профессоры Фабрицио Скала.

Чалмерс технологиялық университетінің (Швеция) профессоры Бо Лекнердің сөзіне қарағанда, көміртекті аулау және сақтау технологиялары бойынша Скандинавия елдері әлемде топ бастап тұр. Аталған технологияны енгізу бойынша Норвегиядан кейін екінші орында тұрған Швеция 2045 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындыларын нөлге дейін төмендетуді мақсат етуде және осы жолда қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ал Қазақстан Үкіметі елдегі көмірқышқыл газының ізін азайту мақсатында 2050 жылға қарай қазба отындарына тәуелділікті 50 пайызға және 2030 жылға қарай СО₂ шығарындыларын 30 пайызға төмендетпек.