Блогер бұл жаңалықты бастапқыда мойындағысы келмегенмен, жарты жыл өткенде қызымен кездесіп, екі бөлмелі пәтер мен су жаңа көліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Танысып қойыңыздар, бұл — Жолшыбек Айша Дарханқызы. Айшаның анасы Айдана өзін түсірмеуі өтінді. Қазір тұрмысқа шыққан, бір үйдің келіні. Сондықтан түсіністік танытамыз. Бұл көлік жеке сенің өзіңе. Айшаның жұмыстарын бітірерсің, қысқасы сенің көлігің. Бұл Айшаның керек-жарағына қаржат пен Астана қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілті. Барлығын сенің атыңа аударамын», — дейді ол өз парақшасына жариялаған видеода.
Дархан Жолшыбек өз қызын бірден қабылдай алмауының да себебін айтты.
«Барлықтарыңызда Дархан осыны шулатпай, осы деңгейге жеткізбей бірден істеуге болмас па еді деген бір сұрақ шығар. Дәл осы сұрақты мен өзіме қойып, өзім жауабын білмеймін. Ішімде тәкәппарлық болды ма, эгом ойнады ма? Білмеймін. Негізі менен ешкім ешнәрсе сұраған жоқ еді. Соны қазір түсініп отырмын. Жәй ғана еміне көмектес, тегіңді бер деген еді. Қысқасы, үлкен бір қателік, ағаттық жасадым. Өз-өзіме шок болып, қандай ақымақ болғанмын деп отырмын. Осы жағдай туралы бір ай ойландым. Қалай барамын? Не істеймін? Барсам, қабылдай ма? деген көптеген сұрақтар болды. Бірақ, дәл қазір барлығының осылай аяқталғанына қуаныштымын. Бір нәрсені бірден айтайын, менен ешкім ештеңе сұраған жоқ, берген кезде де алғысы келген жоқ. Оның барлығы Айшаға, менің парызым деп түсіндірдім. Барлығын беріп, кетіп қалады деп ойламаңыздар. Жоқ, мен енді Айшаның қасындамын. Осындай жағдайлар көп екен. Бір жағынан мен сияқты қателесіп жүрген жігіттер, ойланыңыздар. Қыздар, ештеңеден қорықпаңыздар. Барлығы жақсы болады», — дейді блогер Instagram stories-те.