Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі алдымен рэпермен қалай танысқанын айтып берді.
“Достар, бүгін VKontakte-дегі жеке парақшам арқылы көп сұраққа жауап бергім келеді. P.Diddy-мен қалай танысқанымды айтып берейін. Осыдан 15 жыл бұрын Сан-Тропеде қызық бір ер адаммен таныстым. Сол кезде оның жасы 50 шамасында болды. Ол Қазақстаннан еді. Бірақ соңғы 15 жыл бойы Нью-Йорк қаласында тұрған. Ол көптеген спортшы мен әртісті таниды. Жұлдызды ортада жүрген еді. Сол адам маған P.Diddy-мен дос екенін айтты. Бірер күннен кейін мені рэпермен таныстырды. Одан кейін Париждегі концертінде көрістік. Ол жерге де мені қазақстандық азамат шақырды. Мен P.Diddy-мен дуэт жазуды армандағанымды жасырмадым. Оған ұсыныс жасағанымда, ол қуана қабыл алды. Себебі ол Ресейге келгісі келіп жүргенін де айтты», – деп бастады әңгімесін Тимати.
Өнер иесінің сөзінше, атышулы кешке екі рет қатысып, қонақ ретінде шақырылған.
“Халық шулап жатқан P.Diddy-дің шулы кештерінде болдым. Мойындаймын. Бір емес, екі кеште болдым. Бірінші жиын Лос-Анджелес қаласында болды. Ол жерде жаңа альбомының тұсаукесерін ұйымдастырды. Қонақтарына жаңа туындыларын тыңдатты. Көңілді кеш рэпердің үйінде болды. Үйдің сыртында күзетшілер қойылды. Альбомды тыңдап, талқылап, суретке түсіп қайттық. Ол жерде адам сенгісіз жайттарды, есірткіні де көрген жоқпын. Бәрі тыныш өтіп, көңілді тарастық. Екінші кешке де шақырылдым. Өте ауқымды болды. Бұл жолы рэпер жұлдыздарды кемеде жинады. Танымал адамдар өте көп болды. Кино жұлдыздары, модельдер, спортшылар келді. Бәрі ішті, биледі. Бірақ бұл жерде де жантүршігерлік жағдайлар болмады. Кеште кәмелетке толмаған балалар болған жоқ», – деп шынын айтты ресейлік әнші.
Айта кетейік, бұған дейін 17 қыркүйекте рэпер әрі продюсер Puff Daddy (P.Diddy деген атпен белгілі) рэкет, сексуалды құлдық пен сауда және жеңгетайлық үшін қамауға алынып, Голливудта үлкен шу шыққан еді. Рэпердің ұйымдастырған кештерінде танымал поп-жұлдыздардың болғаны да белгілі, желіде фотолар пайда болған.