Қазақ футболына қыруар ақша құю — ақшаны желге шашу. Футбол ойнау қанымызда жоқ. Журналист Диас Нұрақынның пікірінше, Черчесов кетсе де, ешнәрсе өзгермейді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақ футболын Әділет Бәрменқұлов құртып жатыр деп шулап едік. Федерациядан ол да кетті. Ештеңе өзгерген жоқ. Енді айына 40 млн теңге айлық алатын Черчесовке шүйлігіп отырмыз. Бұл бас бапкер кетсе де дәнеңе өзгермейді.
Сондықтан мұндай мамандарға миллиондап ақша шашқанша дене шынықтырудан сабақ беретін ағайды тренер қыла салу керек. Қымбат спортивный кастюм мен екі жүз мың айлық берсең жетеді. Соған да риза. Алаң жиегінде қолын сермеп, тоқсан минут тыпыршып «терлеп” беруге дайын.
Футбол ойнау біздің қанымызда жоқ. Бізді қойшы, 2 млрд халқы бар Қытайдан қатты доп тебетін 20 жігіт табылмай жатқан жоқ па? Сондықтан Зиданды әкелсең де зығырданымыз қайнап, қомпылдап отырамыз. Бірақ осы салаға қыруар қаржы құюдан шаршамаймыз. Түбі тесік шелек сияқты.
«Басың істесе балаңды футболға бер. Ойнап қарық қылмаса да қырып ақша алатын болады болашақта. Тек тамыр-таныс тауып ұлттық құрамаға кіргізіп жіберсең болғаны. Біздің ойыншылардың ең азы айына он мың доллар жалақы алады. Ең күштісі ел аралап, жер көреді. Жүріс-тұрысы түгел тегін. Байқамай гол салып қойса бонус алады. Әдеттегідей жеңіліп қалса жер де жанкүйер де көтереді», — деп қадап айтты журналист.