Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қазақстан футбол құрамасының бұл нәтижесіне көңілі толмаған жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері команданы жаттықтыратын ресейлік бапкер Станислав Черчесовты қатаң сынауда.
Спорт журналисі Аслан Қаженов Черчесовке өтемақыдан бас тартып, өз еркімен орнын босатуға кеңес берді.
“Мынаның әзірге кеткісі жоқ…
Матчтан кейінгі сұхбатын тыңдап отырмын. «Биылғы маусым сәтсіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз» -деп әңгімені жіберіп отыр. Негізі, түсінігі бар азамат барлық жауапкершілікті мойнына алып, қолынап келмейтінін ашық айтып, өз еркімен қызметінен кету керек қой. Бүкіл жанкүйер ұнатпай отыр. Бүкіл халық қарсы болып отыр. Осынша жиіркенішті екеніңді біле тұра, қалай түк білмегендей жүре бересің? Қалай ары қарай жұмысты жалғастырасың?
Станислав мырза, еркек болсаңыз, өз еркіңізбен орныңызды босата қойыңыз. Дәл осылай қақпамызға 15 гол жіберіп, жеңілістен көз ашпауды сізсіз де білеміз. Қарсыласқа бірде-бір гол соқпауды, тіптен, қатырамыз. Ашығын айту керек, ештеңе істей алмадыңыз. Үмітті ақтамадыңыз. Біз о баста келгеніңізге қарсы едік. Әйтеуір мүдделі тараптар пайда болып, ақыры осы жерге отырғызды. Халықтың қарсылығына қарамастан, потолок айлық қойып берді. Бірақ, жеме-жеме келгенде дым да бітірмедіңіз.
Енді көпшілік әлгі өтемақыға алаңдап отыр. Черчесов қызметінен кетсе, 1 миллион доллар көлемінде қосымша төлем алады деген ақпарат шықты. Кішкене болса да қадіріңіз қалсын десеңіз, сол өтемақыдан бас тартып, тыныш кете қойыңыз. Сізден үнемделген қаржыны балалар футболына жұмсайық. Қазақ футболына қосқан үлесіңіз сол болсын. Өз басым өмір бойы, Станислав Черчесов бас бапкер болғанда осылай жасаған еді деп жарнамалап айтып жүремін. Керемет емес пе?! Онсыз да ай сайын қыруар қаржыны қалтаға басып жатырсыз. Жететін шығар. Болды. Кете қойыңыз, көке. Артыңызға қарамаңыз…”, — деп жазды журналист.
Желі қолданушылар мен футбол жанкүйерлері де Черчесовтың жұмысына көңілдері толмайтынын жарыса жазуда.
”Қазақ футболының тарихындағы ең нашар тренер”, “Осы келгелі масқара болдық”, “Жеңіс былай тұрсын, гол салуды ұмыттық қой”, “Черчесовты құрту керек қой, сонша ақша төлегенше”, — деп жазды олар.