Бұл туралы ол Дина Төлепбергенге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Луина Ақтау қаласындағы мешітте діни сауатын ашқан.
«11 жасымда атам жаз айларында мешітте оқып, білім аласыңдар деді. Ақтау қаласындағы мешітте үш айда намаз, құран оқыдық. Әрине, мен қазір оның барлығын ұмытып қалдым. Бірақ, Ықылас, Фатиха сүрелерін ұйықтар алдында, маңызды кездесулер кезінде міндетті түрде оқимын. Атам молда болған кісі. Атамның арқасында қазір ең болмағанда сүрелерді білемін», — дейді ол.
Өнер иесі күйеуінің де ислам дінін қабылдағанын жасырмады.
«Күйеуім 16 жасында ислам дінін қабылдаған. Оның Әбу-Бәкір деген мұсылманша аты да бар. Ол мен атеистпін, бірақ маған ислам жақынырық. Исламда барлығы тәртіппен деп айтады. Дегенмен, күйеуім нақты дәлелдерге көбірек сенеді. Мен оған сен уақыт өте дінге, сенімге келесің деп айттым. Мен биыл алғаш рет ораза ұстадым. Ол да ораза ұстады, мешітке барды», — дейді Луина.
Луина лақап атымен танымал Луиза Хусаиновна Обухова 1987 жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Анасы қазақ, әкесі шешен ұлтынан. 5 жасынан бастап Ақтау қаласында ата-әжесінің қолында тәрбиеленген.