Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы fnn.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының маңызды бастамаларының бірі – «Қамқорлық» балалар оңалту орталықтарын ашу жобасы. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қоры, «Қазақстан халқына» қоры және өңірлік әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Ақтаудағы оңалту және ерте араласу орталықтарын аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қызметкерлері олардың жетістіктерімен танысып, тоңазытқыш пен компьютер сыйлады.
«Қамқорлық» жобасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып, табысты нәтижелерге қол жеткізуде. Бүгінге дейін 17 оңалту орталығы, 17 ерте араласу орталығы, 7 аутизм және басқа да психикалық бұзылуларға арналған орталық, 16 инклюзия кабинеті ашылды. 2020 жылдан бері оңалту орталықтарында 38 370 бала көмек алды. 2 884 бала өздігінен жүре бастады, 4 183 бала алғашқы сөздерін айтты. Ерте араласу орталықтарында (0–3 жас аралығындағы балаларға арналған) 12 812 бала көмек алып, олардың 1 521-і жүріп, 1 556-сы сөйлей бастады.
ҮЕҰ-ға қолдау Қордың өңірлерге сапары кезінде белсенді ҮЕҰ-ға материалдық қолдау көрсету дәстүрге айналды.
Ақтауда «Өркениетті келешек» және «Луара» қоғамдық қорларын ақшалай сертификаттармен марапаттау рәсімі өтті. Қордың әрқайсысына жобасын жүзеге асыру үшін 2,5 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
«Луара» қоры бұл қаражатқа «Шығармашылық кеңістік: бүкіл отбасы үшін би және өнер» шығармашылық студиясын ашады. Мұнда балалар би және өнер дағдысын дамытып, аналар би терапиясымен айналыса алады. Бұл студия отбасы мүшелерінің бірлескен шығармашылығына ықпал етіп, отбасылық байланысты нығайтады.
«Өркениетті келешек» қоры қаржылай қолдау арқылы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Періште» оңалту-тәжірибе орталығының қызметін жалғастырады. Орталықта 120-дан астам бала емделу, оңалту, түзету қызметін алады. Жоба іске қосылғаннан бері 1 000-нан астам бала сөйлеу, жүру және ұжымда жұмыс істеу дағдысын жетілдірді.
«Роботек» жетекші робототехника мектебі ұйымдастырған «Arduino негізінде бағдарламалау және жобалар жасау» және «Спорттық робототехникада кеңінен қолдануға арналған роботтардың инженерлік бөлігі және бағдарламалау» информатика мұғалімдеріне арналған курстар өткізу басты оқиғаның бірі болды.
Үш күн ішінде қатысушылар Arduino платформасымен жұмыс істеу негіздерін үйренді, бағдарламалау әдістерін, шығармашылық жобаларды және құрылғыларын жасауды игерді. Оларға оқушыларды спорттық робототехника бойынша жарыстарға дайындау, білім беру үдерістеріне заманауи технологияларды енгізу үшін білім мен құралдар берілді. Курс аяқталғаннан кейін қатысушылар жаңа біліктілік туралы куәландыратын сертификаттар алды.
Курстарға 60-қа жуық педагог қатысты.
Қор «El umiti» КҚ білім беру жобаларының роуд-шоуын ұйымдастырып, өңірдің білім беру бөлімдерінің 100-ге жуық басшысы мен мектеп директоры негізгі жобалармен таныса алды. «Myn Bala» (еліміздің үздік мектептерінде оқуға мүмкіндік беру үшін ауылдан 5 және 6 сыныптардың ең қабілетті 1000 оқушысын анықтайды), «Qabilet» (балалардың қабілетін диагностикалау және оқушылардың кәсіптік бағдарлануы), «Smart Ustaz» (эмоцияларды тану және түсіну дағдыларын, балалардың даму ерекшелігін, сондай-ақ отбасымен жұмыс істеу дағдысын дамытуға бағытталған педагогтарға арналған курс), «Тәуелсіздік дәуірі» (оқушылардың тарихтағы білімін тексеруге арналған білім беру платформасы) және т.б. Бұл жобалар заманауи білім алу және өзін-өзі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді.
— «El Umiti» корпоративтік қорының миссиясы – қазақстандық жастарға талантын ашуға және белсенді азаматтық ұстанымын көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа мүмкіндіктер жасау. Биыл алғаш рет жауапты көшбасшылар буынын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізілген Маңғыстау облысына ерекше назар аударылады. Білім беру, шығармашылық және ғылыми салаларда жастарды қолдау арқылы біз патриотизм рухын нығайтып, қоғамның дамуына үлес қосамыз, – деді «El Umiti» қорының басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова.
Мектеп директорлары үшін «Тиімді ойлау және когнитивті икемділік дағдысы», «Кәсіби және эмоционалдық шаршаудың алдын алу» атты тренингтер ұйымдастырылды.
«Тәуелсіздік дәуірі» ойыны бойынша өткізілген турнир де мектеп директорлары үшін білімдері мен тапқырлығын көрсетуге таптырмас мүмкіндік берді.
Педагог-психологтар мен балалар үйлерінің қызметкерлеріне арналған өткен тренингте балалармен жұмыс істеудің жаңа форматын қолдану және осы жұмысты жетілдіру мүмкіндіктері талқыланды.