Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Гвинея-Бисау – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі.
– Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп, – деді Гвинея-Бисау Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.