Алдау бойынша Қазақстандық рекордты жаңартқан алаяқтардың есімдері белгілі болды - kaz.caravan.kz
  • $ 524.02
  • 545.19
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алдау бойынша Қазақстандық рекордты жаңартқан алаяқтардың есімдері белгілі болды

Алдау бойынша Қазақстандық рекордты жаңартқан алаяқтардың есімдері белгілі болды

Қазақстанда ең тиімді жұмыс істейтін жалғыз топ – алаяқтар.

  • 19 Желтоқсан
  • 40
Фото: Айбар Олжаевтың Фейсбук парақшасынан алынған

Алаяқ қаптаған заман туды. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев қазақстандықтарды оңбай алдаған үштік туралы жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мүмкіндігі жақсы тақырып тапқан талантты аферист пен екі көмекшісі — Зумерлер Дәулет Түймебай, Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаева триосы қазақ халқын әдемі лақтырды.

Жас, әрі талантты алаяқ Дәулет Түймебай адамдарды алдау бойынша Қазақстан рекордын жаңартты деуге болады. Ең алдымен ол 2000 жылы туған, екі өте пысық сатушы қыз – Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаеваны командасына кіргізген. Ол ұйымдастыру жұмыстарын реттейді, көмекшілері клиент тарту керек.

Басында олар адамдарды Англия, басқа да шетелге жұмысқа жіберетін «Грант Торреро» деген агенттік ашады. Англияда алма жинау тақырыбы қызып тұрғандықтан, шетелге барып ақша табуға ниетті қырғын клиент жиналған. Алданғандар Англия тұрмақ Арқалықтың да жоқ екенін түсіне бастаған сәтте, Дәулеттер оқушыларды Еуропа мен АҚШ университеттеріне түсіретін «ZeynQoi» оқу орталығын ашып жібереді.

Екі пысық қыз жарнама көркін келістіріп, жүзге жуық ата-ананың әрқайсынан 1,5 миллион теңгеден жинап алады. Адамдар сену үшін тіпті сабақ беретін оқытушыларды да тартып, бәрін келістіріп ұйымдастырған. Тек бір айдан кейін айлықтың бетін көрмеген оқытушылар кетіп қалған. Ал ата-аналар мен оқушылар алданғанын түсініп, прокуратура мен полиция есігін қаға бастайды.

Дәл осы кезде Дәулет Түймебай қайтадан адамдарды шетелге жұмысқа орналастыратын «Jumyste» деп аталатын фирма ашып үлгереді. Қазір ол жақ та шулай бастады.

Өкінішке орай, Қазақстанда ең тиімді жұмыс істейтін жалғыз топ – алаяқтар.

«Бәріміз өз саламызда осылай жұмыс істесек еліміз дамып кетер еді. Назерке Арсланова мен Гүлнар Рысбаева тура осылай шетелден инвесторлар тартқанда, Дәулет үш жерден зауыт ашып тастап, өнімін экспортқа шығарғанда экономика үшін қорықпауға болар еді. Жастардың энергиясы басқа жаққа кетіп жатыр», — деп жазды сарапшы.

«Мен оңбай алдандым. Англияға барам деп 500 мың беріп едім несие алып. Кредитін әлі төлеп жүрмін. Ақшаны сол күйі қайтармады. Тоқаев пен Үкіметті, Парламентті соларға сондай мүмкіндік беріп қойғаны үшін күнде ашуланып, кінә таққым келеді. Бірақ, олай істей алмайымн. Себебі ақшаны өз еркіммен бердім ғой жалынып жүріп. Ешкім мені қинаған жоқ», — деп пікір білдірді алданған азамат Абылай Елемес.

Айта кетейік, осы жылдың жаз айында бір топ ата-ана Алматыда оқу орталығына алдандық деп ереуілге шыққан еді. Айтуларынша, «ZeynQoi» орталығы балаларын шетелге оқуға түсіреміз деп оларды алдап соққан. Кейін ұйымның Foundation сертификаты жоқ екені анықталған, ал онда сабақ беретін ұстаздар университетті енді ғана бітірген қарапайым студенттер, яғни ұстаздық тәжірибесі жоқ екені белгілі болды. Кейін мұғалімдер бірнеше ай бойы жалақы алмаған соң, жұмысын мүлде тоқтатқан.

Ал компания жаңа балаларды алуды жалғастыра берген. Көптеген ата-аналар сотқа жүгінген. Жүздеген бала мен ата-аналар мүлдем абдырап қалған. Барлығы дерлік несие алған. Несие бойынша төлемдер жалғасуда, бірақ студенттер білімін сол күйі толық алмаған. Белгілі бір себептермен оқу ақысы да әртүрлі. Ата-аналардың айтуынша, бір баланы оқыту үшін 1,2 миллионнан 2,5 миллионға дейін алған екен. Бұл орталыққа қатысты полицияға 100-ге жуық арыз түскен.