Күн тәртібіндегі негізгі мәселе қала аумағын салу ережелерін бекіту, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мегаполистің сейсмикалық қауіпті орналасуын ескере отырып, қатаң шектеулер мен құрылыс талаптарын енгізу керек екенін айтты.
– Негізгі жаңашылдық — нүктелік құрылысқа, аула мен рекреациялық аумақтарда және 12 қабаттан жоғары құрылысқа тыйым салу.Құрылыс салушының көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде жергілікті атқарушы орган арқылы мүлік иелерінің бірлестігіне барлық құжаттаманы беру регламенті бекітілген. Бұл мәселе қаланың барлық құрылыс салушыларына ортақ,– деді ол.
Осылайша, әзірлеген ережелер пайдалануға беруге дейін құрылыстың барлық тәртібін реттейтін болады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — құрылыс нысандарын тексеру тәртібін бекіту.
Мегаполис орналасқан сейсмикалық аймақты ескере отырып, ережелер тек Алматы қаласының аумағында қолданылады және құрылыс объектілерінің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Инспекция барысында құрылыстың іргетасы мен негізгі конструкциялары сейсмикалық қауіпсіздікке тексерілетін болады.
– Келесі мәселе — жаңа Қала құрылысы регламентін бекіту. Регламент 2040 жылға дейін Алматы қаласының бұрын бекітілген Бас жоспарына сәйкес енгізіледі. Қолданыстағы ереже 2006 жылы бекітілген болатын. Жаңа регламент 5 полицентр орталығының бір деңгейде дамуына бағытталған. Регламент шеңберінде су қорғау, ерекше қорғалатын, аэрация және тиісті нормативтік талаптар белгіленген жерлерге, функционалдық аймақтардың нақты карталары әзірленді. Аталған карталар қала аумағында және жекелеген аудандарда қала құрылысына шектеулер белгілейді,–қала әкімінің орынбасары.