Олимпиада жеңімпаздары болашақта табысты болады: Қазақстан дарынды жастарды қолдауға дайын ба? - kaz.caravan.kz
  • $ 441.77
  • € 502.38
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Олимпиада жеңімпаздары болашақта табысты болады:  Қазақстан дарынды жастарды қолдауға дайын ба?

Олимпиада жеңімпаздары болашақта табысты болады: Қазақстан дарынды жастарды қолдауға дайын ба?

Халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушылардың болашақ кәсіби жолы қандай болады? 

  • 29 Қыркүйек
  • 43
bookings.edu

Caravan.kz медиа порталының тілшісі The Economist журналында жарияланған «Olympiad Man» мақаласында келтірілген мысалдар арқылы сұраққа жауап береді. 

Олимпиадаға қатысатын оқушылар туралы «есеп шығаруға мықты болғанымен, өмірде бәсекеге қабілетсіз» деген пікір жиі айтылады. Алайда әлемдік тәжірибеге қарасақ, халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің арасынан кейін ғылымда, технологияда және бизнесте үлкен жетістікке жеткен мамандар көп. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов пікір білдірді. 

Мысалы, Ноам Шазир 1994 жылы Халықаралық математика олимпиадасында алтын медаль алған. Кейін ол жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандардың біріне айналды. Оның мамандығына Google мен OpenAI секілді ірі технологиялық компаниялар қызығушылық танытқан.

Математика олимпиадасының күміс жүлдегері Пол Кристиано кейін OpenAI компаниясының директорлар кеңесіне кірді. Ал Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодеи АҚШ-та физика олимпиадасына дайындықтан өткен.

Олимпиадашылардың арасынан ірі технологиялық компаниялардың негізін қалағандар да бар. Аймағамбетов Databricks, Cursor, Cognition және Perplexity компанияларының құрылтайшылары арасында олимпиадаға қатысқан мамандар бар екенін атап өтті. The Economist мақаласында бұл компаниялардың құны тиісінше 190, 60, 48 және 30 миллиард доллар деп көрсетілген.

Мәселен, Devin жасанды интеллект бағдарламашысын әзірлеген Cognition компаниясының негізін қалаушылар Халықаралық информатика олимпиадасында жалпы саны он алтын медаль жеңіп алған. Ethereum негізін қалаушы информатика олимпиадасында қола жүлде иеленсе, Hyperliquid компаниясының негізін қалаушы физикадан алтын медаль алған. Two Sigma компаниясының негізін қалаушылардың бірі де математика олимпиадасында АҚШ атынан өнер көрсеткен.

Олимпиада медалі нені білдіреді?

Аймағамбетовтің пікірінше, мәселе тек медальда емес. Олимпиадаға дайындықтың өзі балаға күрделі есептерді шешуге, өз бетінше ойлануға және мәселенің бірнеше шешімін іздеуге үйретеді.

«Мықты ұстаздар мен орта, күрделі есептің шешімін табуға дағдылану халықаралық медальға қол жеткізбеген балаға да көп нәрсе береді», – деп атап өтті депутат.

The Economist журналында соңғы 25 жылда математика, информатика және физика олимпиадаларына қатысқан жастардың кәсіби жолына жасалған талдау да келтірілген. Зерттеу бойынша, олардың арасында кейін Google мен Meta сияқты ірі технологиялық компанияларда жұмыс істегендер көп.

Әрине, олимпиададағы медаль адамның болашақта міндетті түрде жоғары жетістікке жететініне кепілдік бермейді. Дегенмен, Аймағамбетов мұндай мамандарға сұраныс жоқ деу қисынсыз екенін айтады.

«Жасанды интеллект дәуірі бұл жастарға зор мүмкіндік ашып отыр. Математиканы терең білу, өз бетінше ойлану, шешім іздеу, күрделі тапсырмамен сағаттап жұмыс істеу қабілеті қазір ірі бизнесте де аса қажет», – деді ол.

Дарынды балаларды қолдау жүйесі қандай болуы керек?

Депутаттың пікірінше, халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттау жеткіліксіз. Олардың олимпиададан кейінгі кәсіби жолына да жүйелі түрде назар аудару қажет.

Қазақстанда халықаралық олимпиада жеңімпаздарына ақшалай сыйақы беріледі. Сондай-ақ оларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавриатта білім алуға мүмкіндік қарастырылған. Аймағамбетов мұны маңызды шешімдер деп атап өтті.

Алайда дарынды жастарға бұдан бөлек нақты қолдау тетіктері қажет. Оның ішінде мықты тәлімгер табуға, зертханаларда жұмыс істеуге, тағылымдамадан өтуге, жеке зерттеуін немесе стартабын бастауға мүмкіндік жасау маңызды.

Сонымен қатар оқушы кезінен бастап дарынды жастардың қазақстандық университеттермен, ғалымдармен және технологиялық компаниялармен байланыс орнатуына жағдай жасау қажет.

«Мықты мамандар өздері сияқты мықты әріптестермен бірге жұмыс істегісі келеді. Сондықтан олар белгілі бір университеттерге, зертханалар мен компанияларға ұмтылады. Бұл мәселені тек жалақымен шеше алмаймыз», – деді депутат.

Осы тұрғыдан ол Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері қалыптастырған ортаның маңызын атап өтті.

Қазақстан дарынды мамандар үшін тартымды орта қалыптастыра ала ма?

Аймағамбетовтің айтуынша, дарынды балаларды қолдау тек олимпиада жеңімпаздарымен шектелмеуі керек. Қазақстандағы қабілетті жастардың саны марапаттау рәсімдерінде көрініп жүргеннен әлдеқайда көп.

The Economist мақаласында келтірілген зерттеуге сәйкес, 2000-жылдары халықаралық олимпиадаларға қатысқан жастардың жартысынан көбі кейін шетелде өмір сүрген. Қазір мұндай мамандарды тарту үшін елдер арасында бәсекелестік күшейіп отыр.

Осыған байланысты депутат Қазақстанға дарынды мамандарды тартуға бағытталған «Алтын виза» бастамасының маңызын атап өтті. Оның пікірінше, шетелдік мамандарды тартумен қатар, қазақстандық дарынды жастар үшін де кәсіби дамуға қолайлы жағдай жасау қажет.

Шетелде білім алып немесе жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандармен байланысты үзбей, оларды бірлескен зерттеулерге, сабақ беруге және нақты жобаларға қатысуға шақыру да маңызды.

«Басқа елдер оларды да осындай визалармен, түрлі бағдарламалармен өздеріне шақырады. Сондықтан өз жастарымызға да “алтын жағдай” жасауымыз керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, осы бағытта бірқатар заңнамалық бастама бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.