Қаржы сарапшысы сұр экспорт жанармай қорын жүдетуде деп дабыл қақты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстанда көрші елдерге қарағанда бензин/дизельдің арзандығы біздің жанармай қорымызға жағымсыз әсер етуде. Бізге келіп, бактарын толтырып, жанармайды өздеріне таситын көрші ел кәсіпкерлері ішкі тұрақтылыққа үлкен зиян әкелді.
2024 жылы бензин мен дизель 1 007 000 тоннадан 646 000 тоннаға дейін азайып кетті. Ай сайын 10-50 мың тонна жанармай заңсыз әкетіліп отырған. Оның ішінде бензин қоры 453 мың тоннадан 382 мың тоннаға дейін төмендесе, дизель қоры 554 мың тоннадан 264 мың тоннаға дейін азайып кеткен.
Біз бен көршілердің жанармай бағаларында қандай айырмашылықтар бар?
АИ-92 маркалы бензин бағасы Қазақстанда литріне 205 теңге, Ресейде – 280 теңге, Қырғызстанда – 417 теңге, Өзбекстанда – 547 теңге. Дизель литрі Қазақстанда 295 теңге, Ресейде – 345 теңге, Қырғызстанда – 384 теңге, Өзбекстанда – 489 теңге.
«Бұл ретте жанармайдың сыртқа тасылуын тоқтатуға бағытталған жаңа шаралар легін ойластыру қажет болып тұр. Және диспропорция болмас үшін бағалардың бір ізге түсуі заман талабы. Болашақта жанармай бағасы өседі дегенге дайын болуымыз керек», — деді Айбар Олжаев.